«Ресейліктер келіп, өз ережесін орнатқан»: Burger King-тегі даулы оқиға
Алматылық тұрғын Жанат Қаратай аутизммен ауыратын 27 жастағы ұлы Әлібек Қаратайдың Burger King желісіндегі жұмысынан кетуге мәжбүр болғанын айтып, қоғамнан көмек сұрады, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Анасының айтуынша, ұлы төрт жыл бойы аталған мейрамханада аспаз болып табысты еңбек етіп, өзін ұжымның толыққанды мүшесі ретінде сезініп келген. Алайда аймақтық жаңа басшы – Сергей есімді ресейлік азамат келгеннен кейін жағдай күрт өзгеріп, Әлібекке қатысты «үнсіз қысым» басталған. Күзден бері Әлібек бұрынғыдай емес, тұйықталып, мазасыз күйге түскен.
Әлібектің анасы жаңа басшымен жеке сөйлескенімен, одан еш нәтиже шықпағанын айтады. Жанат Қаратайдың сөзінше, Ресейден жақында ғана келген Сергейдің инклюзивті қоғам туралы түсінігі мүлдем жоқ және ол аутизмі бар адамдардың өзгелермен тең дәрежеде жұмыс істей алатынына сенбейді. Осы қысымның салдарынан Әлібек тұйықталып, мазасыз күйге түскендіктен, отбасы оны жұмыстан шығарып алуға мәжбүр болған.
Бұл оқиғадан кейін компанияның өзге де бұрынғы қызметкерлері хабарласып, іштегі сорақы жағдайларды жайып салды. Олардың айтуынша, компанияға Ресейден жаңа бас директор келіп, соңынан басқарушы құрамды түгелдей ресейлік релаканттармен толықтандырған. Келген қонақтарға ерекше жағдай жасалып, жоғары жалақы төленсе, жергілікті ескі қызметкерлерді менсінбеу және оларды ығыстыру процесі басталған.
Тіпті, ұлттық намысқа тиетін әрекеттер де орын алған көрінеді. Скриншоттардағы мәліметке сенсек, аймақтық басшы Сергейдің жұбайы (ол да Ресейден келіп, мейрамхана директоры болған) жұмыс орнындағы есеп журналына Қазақстан мен қазақтарды мазақтайтын кемсіту мазмұнындағы мем-суретті жапсырып қойған. Сондай-ақ, компаниядағы барлық ішкі хабарландырулар мен жаңалықтар тек орыс тілінде жүргізіле бастағаны айтылуда.
Қазіргі таңда бұл мәселеге ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі араласып, тексеруді бастап кетті. Министрлік бұл жағдайға еңбек заңнамасына сәйкес құқықтық баға берілетінін мәлімдеді. Ал Burger King Kazakhstan ресми мәлімдеме жасап, инклюзивтілік принциптерін қолдайтынын айтқанымен, жұртшылық бұған сенбей, желіге қарсы жаппай бойкот жариялауда.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0