"Саусақтарын сындырған, денесін күйдірген": Балқашта 8 жасар баланы азаптаған

Тамыз 4, 2025 - 21:01
"Саусақтарын сындырған, денесін күйдірген": Балқашта 8 жасар баланы азаптаған
Фото: Theards / Мадина Досымбекова

Балқаш қаласының тұрғыны 8 жасар ұлының қатігездікпен соққыға жығылғанын айтып, әлеуметтік желіде үндеу жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, бала азапталған: саусақтарын сындырған, басынан ұрған, денесін күйдірген. Бұл жағдайға ол "Қазақмыс" АҚ қызметкерін айыптап отыр.

Менің 8 жасар ұлымды қатігездікпен ұрып-соқты. Бұл жай ғана зорлық-зомбылық емес. Бұл нағыз азаптау болды: оның саусақтарын сындырды, басынан ұрды, денесін күйдірді. Мұның бәрін ересек ер адам Балқаш қаласындағы ‘Қазақмыс’ АҚ қызметкері жасады. Оның әйелі де осы кәсіпорында жұмыс істейді, – деп жазды үндеуінде баланың анасы Мәдина Досымбекова.

Әйел адамның айтуынша, әлдекімдер бұл істі "жасырып-жабуға" тырысып жатыр. Іске оның полицияда, ауруханаларда және басқа мемлекеттік органдарда жұмыс істейтін туыстары мен таныстары араласқан.

Біз ешкімді тікелей айыптамаймыз, бірақ тергеуге кедергі келтіру, істі баяулату, қылмысты жасыру әрекеттері бар екенінің айқын белгілері көп. Біз бұл оқиғаның жұртқа жария болғанын қалаймыз. Біз әділдік сұраймыз. Біз көмек сұраймыз. Бұл мәселені тек өз балам үшін емес, барлық балалар үшін көтеріп отырмын. Мұндай адамдар мұндай әрекетті енді ешқашан жасай алмасын, – деді анасы.

Қарағанды облыстық полиция департаменті бұл іске қатысты қылмыстық іс қозғалғанын растады.

«Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде. Қосымша жедел-тергеу шаралары мен бірқатар сараптамалар тағайындалған», – деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.

"Қазақмыс" компаниясы бұл оқиғаға қатысты пікір білдіріп, жағдайға алаңдаушылық білдірді.

Ресми жауапта зардап шеккен тараптың құқық қорғау органдарына жүгінгені және жұмыс беруші тарапынан тергеуге жан-жақты қолдау көрсетілетіні айтылған.

"Қазақмыс" компаниясы кез келген зорлық-зомбылық түрін қатаң айыптайды және мұндай әрекеттерге мүлдем жол беруге болмайды деп есептейді. Қызметкердің кінәсы дәлелденсе, ол ҚР заңнамасына сәйкес жауапқа тартылады, – делінген компанияның баспасөз қызметінің хабарламасында.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow