Семейде үйі өртенген жеті отбасы қара суықта далада қалды

Қараша 21, 2025 - 14:10
Семейде үйі өртенген жеті отбасы қара суықта далада қалды
фото: видеодан скриншот

Семейде баспанасы күлге айналған жеті отбасы қара суықта далада қалды. Жақында қос қабатты үйден өрт шығып, бірнеше пәтер түгі қалмай жанып кеткен. Бір күнде барынан айырылғандардың жартысы туыстарын паналап жүр. Ал барар жері жоқ тұрғындарды әкімдік уақытша орталықтарға қоныстандырыпты, деп хабарлайды "КТК" арнасы.

Қосқабатты баспананың іргетасы жарты ғасыр бұрын қаланған. Қас-қағым сәтте күлге айналды. Далада қалған жеті отбасы қайда баратынын білмей дал. Жұрт жергілікті әкімдік құрғақ уәдемен шектеліп жатыр деп наразы. Тұтанған қызыл жалын әп-сәтте күш алып, екінші қабаттағы пәтерлердің бәрін шарпыған. Тіпті жұрттың жылдар бойы жиған дүние-мүлкі де күлге айналған.

Зардап шеккендердің бірі – Нұргүл Ахметханова. Зейнеткер отқа оранған баспананы 20 жылдан бері паналап келген. Алайда шенеуніктердің қулығы төбемнен жай түсіргендей қылды, дейді.

"Әкімдікке барып, бейсенбіге жазылып қойдым. Одан кейін тағы бір мекемеге бардым. Соларға барсам, мені бұл үйде тұрмайды деп жазып қойыпты. Жынды ма? Мен тұрып жатырмын деп, есігімді ашып қойып, "мына үйде тұрамын" деп айғайлайын ба?", - дейді Нұргүл Ахметханова.

Тілсіз жаудың кесірінен далада қалған қараша ыстық тамақты сырттан ішіп, ағайын-туысын жағалап жүр. Шарасыз күйге түскендер әкімдік жәрдемдесуге жарамады деп қапалы.

"Түске дейін күттік. Комиссия болған жоқ. Өзім бірге келемін деген әкім де келген жоқ. Ақыры әкімді өзіміз іздеп бардық. Нақты көмекті айта алмады", - дейді тұрғындардың бірі Марина Маштакова.

Алайда атқамінерлер жұрттың базынасын жоққа шығарды. Олар қолдан келгенше қолдау білдіріп жатқанын айтып отыр. Ал далада қалған тұрғындарға нақты қандай көмек көрсетілетінін айта алмады.

"Қала әкімінің қатысуымен жедел штаб ұйымдастырылды. Тиісті тапсырмалар берілді. Барлығы қажет көмекпен қамтылған. ТЖД өрттің нақты неден тұтанғанын анықтап жатыр. Қортынды шыққаннан кейін нақты шешім қабылданады", - дейді Семей тұрғын үй қатынасы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Диана Шаяхметова.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow