Шымкентте халық емшісі науқастың омыртқасын сындырған (ВИДЕО)

Шымкентте емшіге барған әйел мүгедек болып қала жаздады. Емші “емдік мақсатта” деп омыртқасын балғамен ұрған. Науқас ауыр жарақат алып, уақытша жүру қабілетінен айырылған. Бұл туралы saDaq.kz сайты Otyrar.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Шымкент қаласының тұрғыны ауруханаға белі ауырып келді. Дәрігерлер омыртқаның ауыр патологиясын анықтап, шұғыл ота жасауды ұсынды. Алайда науқас ауруханаға жатудан бас тартып, балама емдеу әдістерін іздеуге шешім қабылдады. Әлеуметтік желіден ол емшіні тауып алды.
«Науқас ауыр жарақатпен түскен. Айтуынша, өзін емшімін деп таныстырған ер адам оны төсекке жатқызып, арқасынан балғамен ұра бастаған. Содан кейін аяғы жансызданып қалыпты. Шұғыл тексеріс жүргіздік. Науқастың омыртқа сүйектері зақымданған. Ол ауруханаға жатқызылды, қарқынды терапиядан өтті, ақыры қанағаттанарлық жағдайда шығарылды. Аяғын қайтадан сезеді», – деді №2 қалалық аурухананың бас дәрігері Бақытжан Позилов.
Дәрігерлер әйелдің жағдайы тұрақталғанын, бірақ оқиға бұдан да қайғылы аяқталуы мүмкін екенін айтады. Дәрігерлер қазақстандықтарды өз денсаулығын медициналық білімі жоқ адамдарға сенбеуге шақырады
«Кейбір «емшілер» өте қауіпті әдістерді қолданады.Олар науқастарды аяғынан байлап, арқасынан ұрып, үстіне секіріп, мойнын күрт бұрап жібереді. Осының бәрі омыртқа мен жұлынға үлкен қауіп төндіреді. Кез келген жағдайда дәрігерге қаралып, диагностикаға жүгіну керек. Кез келген ауруды остеохондроз деп қинаудың қажеті жоқ», – деді маман.
Емшілер қауымдастығының мүшесі Мәриям Досбалаева остеохондроз кезінде мұқият болу керегін айтады. Сөзінше, дәстүрлі емде де адамды қинайтын нәрселер болмауы тиіс.
«Мен олай ұратын ем әдістеріне үзілді-кесілді қарсымын. Бұл омыртқаның қисаюына немесе басқа да асқынуларға әкелуі мүмкін. Кез келген ауруды маман емдеуі керек. Біз массаж, созу, емдік жақпа майларды қолданамыз. Қолымызда құжаттар, сертификаттар бар. Бірақ халық емшілерінің арасында бұл әдісті білімсіз қолданып жүргендер де бар», – деді халық емшісі Мариям Досбалаева.
Сіздің реакцияңыз қандай?






