Таразда балабақша тәрбиешісі бүлдіршіннің басын жарып тастаған (ВИДЕО)

Желіде әйелдің баланы басынан пакетпен ұрған видеосы тарады, деп хабарлайды sadaq.kz.
Видеоға қоса жарақаттың суреті мен «№36 балабақша» деген жазба жарияланған.
Оқиға 25 шілдеде Тараз қаласындағы №36 «Бүлдіршін» балабақшасында болған. Тәрбиешінің көмекшісі бес жасар баланы кешкі серуен алдында ұрған.
Қалалық білім бөлімінің мәліметінше, тәрбиеші оқиға кезінде медбикені шақырып, балаға алғашқы медициналық көмек көрсетілген.
"Оқиға туралы анасына бірден хабарланды. Сол күні олар қалалық балалар ауруханасының травматология бөліміне жүгініп, рентген жасатып, хирургиялық көмек алған. Дәрігерлер күнделікті таңғыш салуды тағайындады. Ата-анасына жағдай түсіндіріліп, кейін тараптар өзара келісімге келді", – деді Тараз қаласы білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова.
Тексеру қорытындысы бойынша әдіскер мен тәрбиешінің көмекшісі жұмыстан босатылды, ал топ тәрбиешісіне қатаң сөгіс жарияланды. Балабақша басшылығына ұжыммен түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.
Жамбыл облысы полиция департаменті хабарлағандай, балаға дене жарақатын келтіру дерегі бойынша ҚР ҚК-нің 140-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда сараптамалар тағайындалып, куәгерлерден жауап алынуда, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
"Тергеудің барысы Жамбыл облысы ПД басшылығының бақылауында. Баланың құқығын бұзудың әрбір дерегі жеке қаралып, заң аясында қатаң түрде шешім қабылданады", – деп жауап берді ведомство және тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейтінін қосты.
Сіздің реакцияңыз қандай?






