Тасмағамбетов: ҰҚШҰ Ресейдің «Орешникті» пайдалану тәжірибесін зерттейді
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының кезекті отырысында не талқыланатынын Иманғали Тасмағамбетов айтты, деп хабарлайды Orda.kz.
ТАСС ақпараттық агенттігінде ҰҚШҰ-ның бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетовтың сұхбаты шықты. Тасмағамбетов сұхбатында ҰҚШҰ-ның ең қауіпті бағыттарының бірі оңтүстік шекаралар әсіресе, Ауғанстан екенін атап өтті.
«ҰҚШҰ қарауына ұсынылатын құжаттар арасында мен Тәжікстан мен Ауғанстан шекарасын нығайту бойынша ҰҚШҰ-ның арнайы бағдарламасын ерекше атап өтер едім. Ауғанстанда қауіпсіздікке және тұрақтылыққа қатер төндіретін бірқатар көздер әлі де бар екенін бәріміз жақсы білеміз», — деді Тасмағамбетов.
Ал сұхбаттың негізгі бөлігі Украинадағы соғысқа арналды. Ресейдің «Орешник» жүйесін қолдануына байланысты Тасмағамбетов былай деп жауап берді.
«ҰҚШҰ қазіргі заманғы қарулардың қолданылуы мен сынақтан өткізілуін және даму перспективаларын зерттейді. Бұл біздің жұмысымыздың ажырамас бөлігі. Сонымен қатар, біз Ресейдің жаңа зымыран жүйесін сынақтан халықаралық жағдайда мәжбүр болғанын да бірге талдаймыз. Осы жағдайдың ықтимал даму сценарийлерін де зерттейтін боламыз».
Иманғали Тасмағамбетовтың айтуынша, ҰҚШҰ-ның кезекті отырысында ATACMS зымырандарының Ресей территориясына жасалған соққыларын талқылау жоспарда жоқ.
Сондай-ақ, Тасмағамбетов АҚШ-қа Дональд Трамп президенттік қызметке қайта оралғаннан кейін, ҰҚШҰ-ның Батыспен байланыстарын қалпына келтіру мүмкіндігі туралы да пікір білдірді.
«Саясаткерлер адал халықаралық диалог пен тең құқықты ынтымақтастық үшін қадам басса, бұл құптауға тұрарлық. Ал АҚШ әкімшілігі болашақта қандай нақты позиция қабылдайтынын көретін боламыз», — деді бас хатшы.
Тасмағамбетов сұхбатты ҰҚШҰ-ның БҰҰ алаңында да халықаралық ынтымақтастықты дамытуын жалғастырып жатқандығымен түйіндеді.
Сіздің реакцияңыз қандай?