Теміртауда жасөспірімдер жалғызбасты қарияның үйіне кіріп, соққыға жыққан

Наурыз 31, 2025 - 11:28
Теміртауда жасөспірімдер жалғызбасты қарияның үйіне кіріп, соққыға жыққан
Фото:elements.envato.com

Әлеуметтік желілерде Теміртауда жасөспірімдердің жалғызбасты ер адамның үйіне баса-көктеп кіріп, оны соққыға жыққаны туралы ақпарат тарады. Полиция бұл жазбаға пікір білдірді, деп хабарлайды NUR.KZ.

Видеороликті @egovpress Telegram арнасы жариялады. Жарияланған жазбада оқиғаның Теміртауда болғаны айтылған.

Онда кәмелетке толмағандар жалғыз тұратын қарияның үйіне кіріп, оны ұрып-соғып, бейнежазбаға түсіргені жазылған.

«Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұзақылар өзін электрші ретінде таныстырып, қарияны алдап, есігін ашқызған. Ақпаратқа сәйкес, қарт кісі жалғыз тұрады, жақындары қайтыс болған», – делінген жазбада.

Қарағанды облысының полиция департаменті NUR.KZ тілшісіне берген мәліметінде 67 жастағы Теміртау тұрғынына жасалған шабуыл фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

«Аталған оқиға әлеуметтік желілерде видео жарияланғанға дейін учаскелік полиция инспекторларының алдын алу жұмыстары барысында анықталды. Барлық кінәлілер, оның ішінде кәмелетке толмағандар да ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп мәлімдеді полиция.

Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері олардың тәрбиесіне немқұрайлы қарағаны үшін жауапқа тартылады, деп сендірді департамент өкілдері. Барлық жасөспірімдер профилактикалық есепке қойылды. Тергеу барысы Қарағанды облысы полиция департаменті басшылығының бақылауында.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow