«Тілін шығарды»: Шымкентте судьяға қатысты қызметтік тексеріс жүреді

Шымкентте сот процесі кезінде журналистке қарап тілін шығарған судьяға қатысты қызметтік тексеріс жүреді, деп хабарлайды қалалық сот.
Оқиға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовты өлтіруге оқталу фактісі бойынша қылмыстық істі қарау кезінде болған. Сотқа төрағалық етуші судья Әбинұр Қарабаев бейнекамераға қарап тілін шығарады.
"Әбинұр Қарабаевтың әрекеті Судья әдебі кодексінің талаптарын бұзу болып саналады. Заң талаптарына сәйкес қызметтік тексеру тағайындалады", - дейді ведомстводағылар.
Судьяның мәселесін Судья әдебі жөніндегі комиссия қарайды.
"Судьяның беделін түсіретін факті расталса, құжаттар Жоғарғы Сот Кеңесінің Сот жюриіне жолданады. Қандай жағдай болмасын, судьялар кәсіби судьялық этика нормаларын қатаң сақтауға және қоғамның сот жүйесіне деген сенімінің жоғары деңгейін сақтауға міндетті", - дейді соттағылар.
Сіздің реакцияңыз қандай?






