Тыныш жатқан ауылдарға қырғын салып келді: Қырғыз президенті Кенесары ханға қатысты мәлімдеме жасады

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Кенесары ханның жорығы туралы жанжалды бейнеге түсініктеме бере отырып, қазақтар мен қырғыздарды халықтар арасындағы араздықты қоздыруға бағытталған арандатушылыққа берілмеуге шақырды, деп хабарлайды Sadaq.kz ақпарат порталы.
Садыр Жапаров өзінің Facebook-тегі парақшасында қырғызстандықтарға тыныштық сақтауға және қырғыз және қазақ халықтары арасында сына салуға тырыспауға шақырды.
Президент бұл оқиғаны залымдардың айла-шарғы жасау үшін жиі қолданатынын атап өтті. Ол Кенесары ханның өлімі араздыққа себеп болмауы керек, ал тарихи эпизодтар екі бауырлас халық арасындағы алауыздықтың құралы болуы керегін баса айтты. Жапаров қазақтар мен қырғыздар ғасырлар бойы қатар өмір сүріп, бір-бірін қолдап, тығыз туыстық байланыста болғанын атап өтті.
Төменде Қырғыз елі президентінің жазбасын ұсынамыз.
Құрметті замандастар мен ағайын-туыстар!
Құрметті қазақ және қырғыз жұрты!
Күні кеше ғаламторда қырғыз бен қазақ халқының арасына жік салған осы видео пайда болды. Тарихи тағдырымыз сондай: қазақ пен қырғыз ежелден бір туған, бір мақсаттағы халықтармыз. Көп ғасырлық тарихи жақындықты ата-бабаларымыз: «Қазақ, қырғыз – бір туған» деген екен, бірақ терең мағынасы бар бул сөзде! Қазақ-қырғыз достығы туралы сөз қозғалғанда, мен белгілі қазақ ақыны Жұбан Молдағалиевтің мына бір шумақтарын жиі қайталап жүрем:
Мен – қазақпын, қырғыз – ол туысқаным,
Бірге тартқан тарланның құйысқанын.
Анамыз да қара көз бір қыз, бәлкім,
Бөліп берген егізге уыс нанын!
Өкінішке орай, екі халықтың ежелден қалыптасқан ынтымағын көре алмай, екі араға от салғысы келетін арандатушылар да табылып жатыр. Олар, әдетте, тарихты бұрмалауға тырысып, екі елді жауластырғысы келеді. Арандатушылық үшін оңай тақырыптардың бірі ретінде – он тоғызыншы ғасырдағы тарихымыздың трагедиялық беттері, әсіресе Кенесары ханның қырғыз жеріне басып кіруі және оның өлімімен аяқталған оқиғалар таңдалып отыр. Мен бұл тақырыпты қозғап, шайқалтқысы келетіндердің әрекеттерін көптен бері бақылап келемін. Атап айтсам, мен бұл кезеңді жақсы білемін, өз бетімше көп іздендім.
Марқұм әкем Нұрғожа шежіреші әрі тарихшы болатын, одан көп нәрсе естіп, үйрендім. Бұл тақырыптағы көптеген фактілер Белек Солтоноев, Бегімалы Жамгерчинов сиякты қырғыз тарихшыларының еңбектерінде көрсетілген. Әсіресе, Белек Солтоноев сол оқиғалардың тікелей қатысушыларынан көптеген деректер жазып алып,
Кенесары хан, Наурызбай батыр бастаған қазақ сұлтандары мен батырларымен кездескен куәгерлердің айтқандарын, Ормон хан, Жантай манап, Жанғарач манап, Төрөгелді батыр сиякты қырғыз манаптары мен батырларын көргендердің естеліктерін жинақтаған. Кенесары ханның отаршылдыққа қарсы шыққаны дау туғызбайды. Ол – нағыз батыр болған! Бірақ қырғыз жеріне кіріп келгенін және сол әрекетіне лайықты жауап алғанын жоққа шығаруға болмайды. Қанды оқиғалардың алдында Кенесары хан мен Ормон ханның арасындағы келіссөздердің мазмұны, Шу өңіріндегі бірнеше мәрте қазақ-қырғыз шайқастары, Ормон ханның әскери айлакерлік танытып («Ормон опуза») Кенесары бастаған қосынды жеңгені – соған дәлел. Басқаша айтқанда, Ормон хан дала мен таудың нағыз ерлеріниң шайқасында бетпе-бет келіп, дұшпанын шынайы жеңген. Қиянат жасаған жоқ. Алдымен, Кенесары мен Ормонның «хандық» мәртебе үшін таласы болған.
Кенесарының бағыну туралы бұйрықты сөзін Ормон хан:
«Мен үлкенмін, сондықтан хандық маған лайық» деп жауап бергені тарихи деректерден белгілі. Әрине, Кенесары хан Ормон хан әскерінің аз екенін айтып, бұл жауапты қабылдамады. Кейбіреулер Ормонның хандық дәрежесіне күмәнмен қарайды.
Оларға айтарым мынау: қырғыз – ежелгі ел, оның да бағзы заманнан келе жатқан «хан көтеру» дәстүрі бар және ол Шыңғыс ханға дейінгі замандардан басталады! Ормон ханның жауабына шамданған Кенесары Шу өңіріндегі қырғыз руларына басып кірді. Тыныш жатқан ауылдарға, қазіргі Токмок қаласы тұрған жерге дейін қырғын салып келді. «Қатігезге – қатты жауап» деген қағидамен өмір сүрген Шу халқы түгел көтерілді. Кенесары мен Шу қырғыздарының шайқасына біраз уақыт бақылау жасап тұрған Ормон хан ақыры Токмок маңындағы қақтығысқа өзі қатысады. Оның «Ормон опуза», «Ормон оқуы» деп аталған әскери-саяси әдісі болған және бұл әдіс ежелгі қытай стратегы Сун Цзының ілімдеріне ұқсас келеді. Мысалы, Сун Цзының: «Дұшпаның қасыңда болса, алыс көрін, алыс болса – жақын көрін», «Алдымен жаудың қатарын соғыспай-ақ ыдырат. Қаһарланып тұрса, көңілін жайлап, тәкаппарлығын арттыр. Жайбарақат жатса, үркітіп, бар күшін көрсет деп мәжбүрле. Бірлік болса, соны ыдырат» деген ережелері Ормон ханның Кенесарымен шайқасында қолданылғандай әсер қалдырады.Сондықтан Ормон ханның бір жауынгері Кенесарыға он жауынгер болып көрінген, аттарының құйрығына шырғанақ байлап, Шамшы белін шаңдатып, айналып шапқан азғана қол он мың қолдай әсер қалдырды. Кенесары артқа шегініп, Токмок маңындағы батпаққа тіреліп, жеңіліс тапты. Шайқас қандай да бір жартастар арасында емес, Шу-Токмоктың жазық, батпақты жерінде өткен. Кенесары ханды осылайша жеңіп алды. Ең қызығы, бейнежазбада айтылғандай, сол соғыста орыс әскерінің көмегі болмаған. Тескеринше Балбай батыр, Боронбай би, Алымбек датқа, сол кезде Қоқанда билікке келген басқа қырғыз көсемдері, оң мен сол қанаттың ондаған батырлары мен манаптары бұл соғысқа қатыспаған. Нақтырақ айтсақ, аймақтардан көмек келгенше, Ормонның әскері жеңіске жетіп қойған. Себебі Кенесары хан қысқа мерзімде басып кірген болатын.
Кенесары ханның басы орыстарға қалай өткеніне келсек:
Бір деректе кейбір қазақ көсемдері басты орыстарға тапсыруды ұсынғаны айтылады. Тағы бір деректе, Кенесарының өліміне сенбей, орыстар арнайы делегация жібергені айтылған. Себебі Кенесары Омбыдағы (қазіргі Омск) орыстарға да соққы берген болатын. Делегация келіп, Омбыға алып барып тексерейік, бізге беріңдер деп сұрап кеткен. Сөйтіп, бас Омбыға, одан кейін Санкт-Петербургке жөнелтілген екен. Енді бұл оқиғалар тарихқа айналды. Одан енді сабақ алуымыз керек. Мұндай оқиғалардан сабақ алудың маңыздылығы қазіргі заманда тіпті арта түсуде. Бірақ екі араға от салғысы келетін арандатушылар ақылға келмей жатқаны өкiнiштi. Біраздан бері байқап жүрмін. Екі халықты бір-біріне қарсы қоюды көздеген бір күш пайда болды. Ондайлар екі елдің де ішінде бар. Олар тарихи деректер мен шежіре-аңыздарды қолдарынан келгенше бұрмалап, қырғыздар сыртқы күштермен бірігіп қазақтарға қарсы әрекет етті деген секілді қисынсыз қорытындылар жасап, бүтін бір халыққа тіл тигізіп, отқа май құйғандай, осы тақырыпты өздеріне тиімді жақтан қозғап жүр. Тарихта қырғыздар ешқашан бірінші болып шабуыл жасамаған. Көшпенді, жауынгер замандардан бері қаншама уақыт өтті.
Қазір заман басқа. Қырғыз бен қазақ бүгінгі ұлттық мемлекетімізді нығайту, бірлікті бекемдеу ісімен айналысуымыз қажет. Бізді ғасырлардан келе жатқан туыстығымыз, құда-жекжаттық татулығымыз артып келе жатқаны – мақтаныш. Мен, мысалы, мақтанамын. Менің төртінші атам Солтонқұлдың бәйбішесі Нооча әжем – қазақ қызы болған, демек мен бір жағынан қазақтың жиенімін. Қазақ халқының ішінде де бізге туыстық жағынан жиендер көп. Сондықтан, екі елдің достығын қадірлейтін қазақ пен қырғыздың #сана-сезімді, білімді азаматтары, әсіресе жастары ондай арандатушыларға жем болмайды деп сенемін! Қырғыз пен қазақтың көреген ұл-қыздары тарихты объективті зерттеуге бел шеше кірісіп, арандатушыларды тоқтатуға күш салып, мәңгілік достықты нығайта береді деп сенемін! «Ынтымағы бар елден ырыс кетпейді» дейді.
Бірлікте болайық!
Сіздің реакцияңыз қандай?






