Алматының бірнеше шағынауданы кешеден бері жарықсыз отыр
Алматы әкімдігі кеше электр желілеріндегі апатқа байланысты қай шағынаудандарда электр энергиясымен жабдықтау жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды sadaq.kz.
Әкімдіктің мәліметінше, 13 қарашада 110 кВ №124А және №101А электр желілерінде апатты жағдай тіркелген. Салдарынан ПС-162А "Алғабас", ПС-169А "Ақбұлақ", және ПС-123А "АЖЭО-2" сынды бірнеше ірі қосалқы станция уақытша электр қуатынан ажыратылған.
Апат салдарынан Алатау ауданының тұтынушылары жарықсыз қалған. Электрмен жабдықтау төмендегі шағынаудандарда уақытша тоқтатылған: Ақбұлақ, Алғабас, Ақкент, Саялы, Теректі, Ғажайып, Көксай, Нұркент, Дарабоз, Зерделі, сондай-ақ Райымбек даңғылы – Момышұлы – Мөңке би көшелерінің аралығындағы аумақ.
Оқиға орнына жедел түрде апаттық-қалпына келтіру бригадалары жіберілген. Мамандар апаттың себебін анықтауға кірісіп, электр қуатын кезең-кезеңімен қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген.
Нәтижесінде 14 қараша сағат 00:12-де, ПС-110/10 кВ №169А "Ақбұлақ" қосалқы станциясы 110 кВ №101А желісі арқылы қайта қосылған.
Қазіргі уақытта мамандар Нұркент, Ақкент, Алғабас, Теректі және Көксай шағынаудандары бойынша электр қуатын қалпына келтіру жұмыстарын жалғастырып жатыр.
"Апаттық-қалпына келтіру жұмыстары электрмен жабдықтау толық орнына келгенше жүргізіледі. Уақытша қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз", - делінген хабарламада.
Сіздің реакцияңыз қандай?