Тоқаев: «Отыз жылдың ішінде 3,5 мыңға жуық заң қабылданды»
Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында қос палаталы Парламенттің жұмысына оң баға берді, деп хабарлайды Sadaq.kz.
«Бүгінгі Парламенттің қос Палатасының бірлескен отырысының тарихи мән-маңызы айрықша деп айтсақ, дұрыс болар. Бұл дүйім халқымыз үшін де айқын нәрсе, ақиқат. Бүгін біз мемлекетіміздің заң шығарушы органы – Парламенттің кезекті сессиясын аяқтап, Тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы тұтас бір дәуірді қорытындылап отырмыз. Осылайша, тереңнен тамыр тартқан мемлекеттігіміздің жаңа кезеңіне қадам басқалы тұрмыз. Ертең Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы заңды күшіне енеді. Ұлт заңымен қатар, мемлекеттік билік жүйесі де түбегейлі жаңа сипатқа ие болмақ. Қос палаталы Парламенттің орнына Құрылтай келеді. Жалпы, бұл өзгеріс Қазақстанда тарихи сабақтастық бар екенін анық көрсетеді», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын елімізде тұңғыш кәсіби Парламент құрылды.
«Мүлде жаңа институционалдық үлгіге көшкен заң шығарушы орган мемлекеттігімізді нығайтуға елеулі үлес қосты, сондай-ақ еліміздің құқықтық негізін қалыптастыру және нарықтық экономиканы орнықтыру ісінде маңызды рөл атқарды. Қысқаша айтсақ, отыз жылдың ішінде 3,5 мыңға жуық аса қажетті заң қабылданды. Ал әрбір оныншы заңға депутаттар өздері бастамашы болды. Заң шығару жүйесінің қайнар бастауында бүкіл халқымызға және халықаралық қауымдастыққа танымал саясаткерлеріміз, көрнекті мемлекет қайраткерлері, белгілі қоғам қайраткерлері тұрды. Олардың жемісті еңбегі Парламент тарихында өшпес із қалдырды. Қажырлы қызмет халқымыздың жадында мәңгі сақталып қаларына күмән жоқ. Парламент әрдайым уақыт талабына тез бейімделіп, қоғам сұранысына лайықты жауап бере алатын жасампаз құрылым болды», – деді Мемлекет басшысы.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0