Тоқаев сот жүйесін тазартты: Пара алған және алаяқтық жасаған судьялар қызметінен босатылды

Қараша 14, 2025 - 11:15
Қараша 14, 2025 - 11:23
Тоқаев сот жүйесін тазартты: Пара алған және алаяқтық жасаған судьялар қызметінен босатылды
фото: ашық дереккөз

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің сот жүйесінде кең көлемді кадрлық ауыс-түйіс жүргізіп, барлық деңгейдегі соттардың төрағалары мен судьяларын тағайындау және босату туралы жарлыққа қол қойды. Құжат Қазақстанның барлық өңірін қамтыды, деп хабарлайды POLITICO.KZ


Жалпы, 20-дан астам сот төрағасы мен судья қызметінен босатылып, шамамен 60-қа жуық жаңа маман тағайындалды. Қызметінен кеткендердің бір бөлігі зейнетке шығу, өкілеттік мерзімінің аяқталуы немесе өз еркімен кету тәрізді қалыпты себептермен жұмыстан босатылған. Алайда, жарлықта сенімнен шығуға және судья этикасын бұзуға байланысты қызметінен айырылғандар да бар.

Ең елеулі өзгерістердің қатарында екі бірдей сот төрағасының сыбайлас жемқорлық пен алаяқтық фактілері бойынша шыққан үкімдерге байланысты лауазымынан босатылуы тұр.

Атап айтқанда:

Жетісу облысы бойынша Ақсу аудандық сотының төрағасы Нұрлан Садықұлы Шәймерденов. Ресми құжатта оның «соттың айыптау үкімінің заңды күшіне енуіне байланысты» босатылғаны жазылған. Анықталғандай, ол пара алғаны үшін сотталған.

Маңғыстау облысы бойынша Ақтау қалалық сотының төрағасы Бауыржан Жауымбайұлы Шайдуллин. Ол да «соттың айыптау үкімінің заңды күшіне енуіне байланысты» қызметінен кетті. Белгілі болғандай, Шайдуллин де алаяқтық және сыбайлас жемқорлық үшін жазасын өтеп жатыр.

Ақтау қалалық сотының бұрынғы төрағасы Бауыржан Шайдуллин алаяқтық және пара беруге итермелегені үшін кінәлі деп танылып, 9 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Ол шамамен 20 миллион теңге көлеміндегі ірі сомаға үкімді жеңілдетуге уәде бергені үшін айыпталған еді.

Сондай-ақ, тағы бір судья – әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың төрағасы Ғалым Қалижанұлы Қалдаров тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін судья лауазымынан босатылды.

Жаңа тағайындаулар да аз емес. Әйел судьялардың қатары көбейіп, кейбірі аудандық соттардан қалалық соттарға ауысса, енді бірі керісінше төменгі сатыдан жоғары тұрған соттарға тағайындалды. Жаңа төрағалар Алматыда, сондай-ақ Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында қызметіне кірісті.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow