«Тралалело Тралала, Балерина Капучино»: Жасанды интеллект жасаған мемнің мағынасы қандай

2025 жылдың басында әлеуметтік желілерде біртүрлі, қисынсыз, бірақ көз тартатын бір құбылыс пайда болды. TikTok, Instagram Reels пен YouTube Shorts-ты үш аяқты, көк кроссовка киген акула жаулап алды. Оның аты – Тралалело Тралала. Ал оның «құбыжық достарының» бейнесі бүкіл интернетті жаулап, ең танымал мемге айналып отыр, деп жазады el.kz.
Тралалело Тралала деген не?
«Тралалело Тралала» — 2025 жылы TikTok платформасында пайда болған интернет-мем. Бұл кейіпкер — жасанды интеллекттің көмегімен жасалған үш аяқты, көк түсті Nike кроссовкасын киген акула. Ол алғаш рет 2025 жылдың 13 қаңтарында TikTok-та @amoamimandy.1a есімді қолданушы жариялаған видеода көрінді. Роликтің фонында «Trallallero Trallalla» атты көңілді, бірақ мағынасыз ән ойнайды.
Trallallero Trallalla — итальян тілінен алынған, нақты мағынасы жоқ, ырғақты дыбыстар тізбегі. Мұндай дыбыстар Генуя өңірінің халық әндерінде, нақтырақ айтқанда, «trallalero» деп аталатын полифониялық вокалдық стильде жиі қолданылады. Бұл ән үлгісінде сөз мағынасы емес, дыбыстық ритм мен көңіл-күй басты рөл атқарады. Әуеннің өзі тек көңіл көтеру мақсатындағы фондық элемент ретінде таңдалған.
Соңғы уақытта TikTok желісінде «Trallallero Trallalla» атты әуенге қатысты бірқатар пікірлер тарап жатыр. Кейбір қолданушылар бұл дыбыста дінге тіл тигізетін мазмұн бар деп пайымдайды. Бұған себеп — әуенде қатар айтылатын «Алла», «Fortnite», «Орнелла Леккакаппелла» секілді сөз тіркестері. Фактчек нәтижелері көрсеткендей, бұл мәтін нейрожелілік модель арқылы автоматты түрде құрылған. «KnowYourMeme» сияқты интернет энциклопедиялар да бұл ақпаратты растап отыр.
KnowYourMeme сайтында келтірілген мәтінде былай деп жазылған:
«Trallallero Trallalla, құдайды және Алланы балағаттаймын. Мен ақымақ баламмен Fortnite ойнап отыр едім, кенеттен әжем — Орнелла Леккакаппелла келіп, Бургер деген ақымақтың бізді кешкі асқа шақырғанын айтты...»
Бұл — абсурд пен қисынсыздыққа құрылған интернет-мемнің классикалық түрі. Мұндай стиль «brainrot meme» деп аталады және қазіргі интернет мәдениетінің бір бөлігіне айналған.
Жаппай трендке айналды
Ән алғаш жарияланғаннан кейін TikTok, Instagram және өзге де платформаларда кең таралды. Автордың парақшасы бұғатталғанымен, әуеннің өзі жүздеген мың видеода қолданыс тапты. Осылайша, Trallallero Trallalla жаһандық трендке айналып үлгерді.
Неліктен мұндай мазмұн қызықты?
«Brainrot» — ағылшын тілінен аударғанда «ми шіруі» деген мағына береді. Бұл – ақпараттық құндылығы төмен, бірақ эмоциялық тұрғыдан қызығушылық тудыратын контент түрі. 2024 жылы Оксфорд сөздігі бұл сөзді «Жыл сөзі» деп атады. Мамандардың пікірінше, абсурд — қазіргі заман эстетикасының бір формасына айналған.
«Trallallero Trallalla» әуені — күлкілі визуал мен мағынасыз дыбыстардан құралған интернет-мем. Онда дінге тіл тигізетін нақты мазмұн жоқ. Бұл — жаңа медиа кеңістігінде пайда болған, нейрожелілер тудырған мәдени өнім. Мұндай контентке қатысты пікір қалыптастырмас бұрын, оны сыни тұрғыдан саралап, нақты дерекке сүйену маңызды.
Бомбардиро Крокодило және басқа да кейіпкерлер
Тралалело Тралала феноменінен кейін интернетте басқа да абсурд кейіпкерлер қаптап кетті. Олардың барлығы — жасанды интеллект тудырған, логика мен реализмге бағынбайтын бейнелер.
- Бомбардиро Крокодило — крокодил мен әскери ұшақтың гибриді. Бұл кейіпкердің бейнесі көбіне Палестинадағы әуе шабуылдарын сипаттайтын карикатуралармен бірге қолданылып, мем-мәдениеттің символына айналған.
- Балерина Капучино — бастың орнында капучино шынысы тұрған балерина. Ол — Капучино Ассасино есімді бұрынғы күйеуінің бұрынғы жары. Капучино Ассасино – катана ұстаған қаһарлы стакан-киллер.
- Бомбомбини Гусини — ұшақ пен қаздың гибриді. Ол әдетте Бомбардироға көмекке келеді.
- Тунг Тунг Тунг Сахур — бейсбол таяғын ұстаған ағаш полено. Аңыз бойынша, оның атын үш рет атасаң, соңынан қалмай ілесіп жүреді.
- Триппи Троппи — аюдың қолы бар, семіз еркек-балық. Ол су асты патшалығын басқарады.
- Лирили Ларила — кактус пен пілдің қосындысы. Бұл кейіпкер уақытты басқаруға қабілетті және болашақты болжай алады.
- Шпионио Голубио — жасырын камерамен жүрген көгершін.
- Бобрито Бандито — мафиямен байланысы бар қарапайым ғана бобер.
Неге абсурд мемдер соншалықты танымал болып кетті?
Соңғы жылдары интернет кеңістігінде қисынсыз, мағынасыз, бірақ тартымды мемдер ерекше жылдамдықпен таралуда. Әсіресе «Тралалело Тралала» секілді контент түрлері көрген жанды бір мезетте күлдіріп те, шошытып та үлгереді. Бұл құбылыс неліктен кең танымалдыққа ие болды?
Логика емес, эмоция маңызды
Бұл мемдер адамды ойландыру үшін емес, есеңгірету үшін жасалады. Қарапайым қисынға бағынбайтын визуал мен мағынасыз сөйлемдер бір сәтте күлдіреді, таң қалдырады, тіпті аздап мазасыздық та тудыруы мүмкін. Бірақ ең бастысы – бейжай қалдырмайды. Осы тұсы оларды өзгелерден ерекшелендіреді.
Алгоритмдерге қолайлы
TikTok және өзге де платформаларда қысқа, 10–15 секундтық видеолар — ең өтімді контент түрі. Пайдаланушы көріп үлгереді, эмоция алады, келесіге жылжиды. «Абсурд мемдердің» дәл осы форматқа бейімділігі оларды алгоритмдердің сүйіктісіне айналдырды.
Жасалуы оңай
Бүгінде нейрожелілердің көмегімен бірнеше минут ішінде ерекше, тіпті оғаш кейіпкерді ойлап табуға болады. Сөздің мағынасы маңызды емес — бастысы, ол елестетілмейтін, күтпеген бейнеге ие болуы шарт. Бұл шығармашылықтың жаңа түрі – логикаға емес, еркіндікке негізделген.
Интернет қолданушысының қазіргі сұранысы да өзгерген. Классикалық әзіл, сюжет немесе мағынадан гөрі, күтпеген, шекарасыз, абсурд дүниелерге қызығушылық артты. Себебі олар шынайы өмірден гөрі интернетке тән шындықты көрсетеді – хаос пен эмоция үстемдік құратын кеңістік.
Бұл – жай күлкі емес, мәдени құбылыс
«Тралалело Тралала» және оның айналасындағы визуалды абсурд — бүгінгі интернет мәдениетінің көрінісі. Бұл контент Z және Alpha буынының өзіндік тіліне айналған. Мағынадан — эмоцияға, логикадан — бейнелік хаосқа көшкен бұл үрдіс үлкендер үшін түсініксіз көрінуі мүмкін. Бірақ ол – цифрлық дәуірдің бір бөлшегі, жаңа буынның өзін білдіру амалы.
Тралалело — жай ғана үш аяқты акула емес. Ол – жасанды интеллектпен жасалған шығармашылықтың, шексіз ирония мен еркін эстетиканың символы. Бұл мемдер жастардың күлкі, технология және өзіндік көркем тілі арқылы әлемді қалай қабылдап жатқанын аңғартады.
Сіздің реакцияңыз қандай?






