Түркістан облысында қалың ел даңқты ақын, ұлт қайраткері Мұхтар Шахановты ақтық сапарға шығарып салды
Түркістан облысының Отырар ауданында қазақ әдебиеті мен қоғамдық ойының көрнекті өкілі, түркі әлеміне танымал ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Шахановты ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Қаралы жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, руханият саласының майталмандары және ақын шығармашылығын құрметтейтін оқырмандар жиналып, ұлттың біртуар перзентінің рухына тағзым етті.
Ақынның соңғы аманаты бойынша туған жердің қасиетті топырағы бұйырып, Отырар өңірінде жаназасы шығарылды. Қаралы сәтте жиналған жұрт Мұхтар Шахановтың ел тарихындағы орнына тоқталып, оның қазақ әдебиеті мен ұлттық руханиятқа қосқан өлшеусіз үлесін еске алды.
Қоштасу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, ұлы ақынның өмір жолы мен шығармашылық мұрасына жоғары баға берді. Өңір басшысы Мұхтар Шахановтың қазақ халқының рухани әлемінде ерекше орны бар тұлға екенін атап өтіп, марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, барша елге облыс жұртшылығы атынан көңіл айтты.
– Қазақ руханияты ауыр қазаға ұшырады. Ұлттың ұлы тұлғасы, көрнекті ақын әрі қайраткер Мұхтар Шаханов мәңгілік мекеніне аттанды. Бұл – барша қазақ елі үшін орны толмас қайғы. Марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, жақындарына және барша қазақ халқына Түркістан облысының жұртшылығы атынан қайғырып көңіл айтамын.
Мұхтар Шаханов – ұлт мүддесін бәрінен биік қойған қайсар тұлға. Ол саналы ғұмырын қазақ әдебиетінің дамуына, ана тіліміздің мәртебесін көтеруге, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге арнады. Қазақ поэзиясын биік деңгейге көтеріп, өз шығармалары арқылы халықтың ой-санасына, рухани әлеміне үлкен әсер етті.
Оның өлеңдері мен поэмалары, әндері мен драмалық шығармалары халық жүрегінен берік орын алды. Туған жерге деген сүйіспеншілік, адамдық қасиет, махаббат, адалдық, ұлттық сана мен рух мәселелерін терең қозғаған туындылары уақыт өткен сайын өз маңызын арттыра береді, – деді Нұралхан Көшеров.
Облыс әкімі ақынның тек әдебиет саласында ғана емес, қоғамдық өмірде де белсенді азаматтық ұстаным танытқанын атап өтті. Мұхтар Шаханов ел тағдырына қатысты өзекті мәселелерді көтеріп, ұлттық мүдде жолында табанды еңбек еткен қайраткер ретінде тарихта қалды.
– Мұхтар ағамыз тек қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі ғана емес, түркі дүниесіне ортақ рухани көшбасшы болды. Ол тіл тағдыры, ұлттық сана, тарихи жады мәселелерінде батыл пікір айтып, қоғамның ой-пікірінің қалыптасуына ықпал етті. Оның еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, көптеген мемлекеттік және халықаралық марапаттарға ие болды.
Ол – «Қазақстанның Еңбек Ері», «Қазақстанның Халық жазушысы», «Қырғыз Республикасының халық ақыны» секілді жоғары атақтарға ие болған тұлға. Ақынның туған ауылындағы білім ордасына есімі берілуі – оның халқына сіңірген еңбегінің, ел алдындағы абыройының айғағы, – деді облыс әкімі.
Нұралхан Көшеров қасиетті Түркістан топырағынан шыққан осындай дара тұлғалардың мұрасы кейінгі ұрпаққа мәңгілік үлгі болатынын атап өтті.
– Бүгін ақынның соңғы аманаты орындалып, Отырар топырағында мәңгілік тыныс тапты. Туған жері, қазақ даласы Мұхтар ағамызды ешқашан ұмытпайды. Оның есімі халық жадында сақталып, шығармалары ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса береді. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын, – деді Нұралхан Көшеров.
Қаралы жиында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар және қоғам қайраткерлері сөз сөйлеп, Мұхтар Шахановтың өмір жолы, азаматтық болмысы мен шығармашылық биігі туралы жүрекжарды естеліктерін айтты.
Одан кейін Отырар ауданында халыққа ас беріліп, Құран бағышталды. Жиын барысында ел ағалары мен әр өңірден келген делегация өкілдері ақынның қазақ халқы алдындағы тарихи еңбегін, елдік мәселелердегі ұстанымын, әдебиет пен мәдениетке қосқан үлесін ерекше құрметпен атап өтті.
Мұхтар Шаханов – қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасы бар, ұлттық рух пен азаматтық үнді қатар алып жүрген бірегей тұлға. Оның шығармашылығы арқылы халықтың ар-ожданы, ұлттық намысы, рухани құндылықтары кеңінен көрініс тапты. Ақын өз туындыларында адамзаттық мәселелерді көтеріп, қоғамның өзекті түйткілдеріне терең оймен қарады.
Ол әдебиетпен ғана шектелмей, қоғамдық-саяси өмірге де белсене араласты. Мұхтар Шаханов КСРО халық депутаты, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметтерін атқарып, мемлекет мүддесіне қызмет етті. Сонымен қатар ұзақ жылдар бойы «Жалын» журналының бас редакторы болып, қазақ әдебиетінің дамуына үлкен үлес қосты.
Ақынның азаматтық ұстанымы әсіресе ұлттық сана, ана тілі, тарихи әділет мәселелерінде айқын көрінді. Ол Желтоқсан оқиғасына байланысты шындықтың айтылуына ықпал етіп, қазақ жастарының тағдырына, елдің рухани тәуелсіздігіне қатысты маңызды мәселелерді көтерді.
Мұхтар Шахановтың шығармашылық мұрасы – қазақ әдебиетінің алтын қорына енген құнды қазына. Оның «Бақыт», «Ай туып келеді», «Қырандар төбеге қонбайды», «Сенім патшалығы», «Өркениеттің адасуы» секілді шығармалары оқырман қауымға кеңінен танымал.
Бұл еңбектерінде ақын адамгершілік, махаббат, ар-намыс, руханият, өркениет тағдыры, ұлттық болмыс секілді терең тақырыптарды қозғады. Оның шығармалары көптеген шетел тілдеріне аударылып, әлем оқырмандарына жол тартты.
Мұхтар Шахановтың қаламынан туған өлеңдер мен поэмалар қазақ халқының рухани өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Оның көптеген шығармаларына жазылған әндер халық арасында кеңінен таралып, ұлттық мәдениеттің маңызды мұрасына айналды.
Ұлы ақынның артында мол әдеби мұра, биік азаматтық өнеге және ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісі қалды. Оның шығармалары мен рухани өсиеттері келер ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, қазақ халқының мәдени және рухани кеңістігінде өмір сүре береді.
Мұхтар Шахановтың есімі қазақ әдебиеті тарихында алтын әріппен жазылып, оның мұрасы мәңгі жасай бермек.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0