Түркістанда «Қожа Ахмет сауи ізімен қолөнершілер (ахилік)» атты халықаралық мәдени және ғылыми симпозиум өтіп жатыр

Сәуір 1, 2026 - 18:46
app_badging Тамыз 5, 2026 - 18:47
chat_bubble  0 visibility  1
Түркістанда «Қожа Ахмет сауи ізімен қолөнершілер (ахилік)» атты халықаралық мәдени және ғылыми симпозиум өтіп жатыр
Фото: Түркістан облыстық әкімдігі

Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Қожа Ахмет Ясауи ізімен қолөнершілер (ахилік)» атты халықаралық мәдени және ғылыми симпозиум өз жұмысын бастады. Ауқымды халықаралық басқосу түркі халықтарының ортақ рухани-мәдени мұрасын дәріптеу, ахилік дәстүрін ғылыми тұрғыдан зерделеу және қолөнер саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту мақсатында ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды Sadaq.kz.

Халықаралық симпозиумды Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Түркия Республикасы Сауда министрлігімен, Түркияның Әділет және даму партиясының Түркі мемлекеттерімен байланыс жөніндегі төрағалығымен, Түркістан облысының әкімдігімен, Қыршехир Ахи Евран университетімен және Ахмет Ясауи ынтымақтастық және даму қауымдастығымен бірлесіп өткізуде.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, симпозиумның басты мақсаты – түркі әлемінің ортақ тарихи-рухани құндылықтарын академиялық, мәдени және қоғамдық қырынан жан-жақты талқылап, ғылым мен тәжірибені ұштастыратын жаңа серіктестіктер қалыптастыру.

Айта кету керек, ахилік – тек қолөнершілердің кәсіби ұйымы ғана емес. Ол адал еңбек пен адал табысқа, адамгершілікке, қоғамдық ынтымаққа, бауырластыққа және кәсіби этикаға негізделген өркениеттік жүйе ретінде бағаланады. Бұл дәстүр ғасырлар бойы түркі халықтарының әлеуметтік-экономикалық өмірінде маңызды рөл атқарып, кәсіп иелерінің кәсіби мәдениетін қалыптастыруға ықпал еткен.

Түркістанның халықаралық мәртебесі артып келеді

Симпозиумның ашылу салтанатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров халықаралық жиынның өңір үшін маңызы ерекше екенін атап өтті.

Өңір басшысы Мемлекет басшысы қол қойған «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заңның қабылдануы тарихи қаланың мәдени мұрасын сақтап қана қоймай, қолөнершілердің кәсібін дамытуға, олардың өнімдерін кеңінен насихаттауға мүмкіндік бергенін айтты.

Сонымен қатар әкім өткен жылы Түркістанның халықаралық деңгейде маңызды жетістікке жеткенін еске салды.

Оның айтуынша, 2025 жылдың ақпан айында WCC International ұйымының сарапшылары Түркістан қаласының қолөнер саласын жан-жақты зерттеп, халықаралық аккредитациядан өткізген. Соның нәтижесінде Түркістанға «Халықаралық қолөнершілер қаласы» мәртебесі берілді.

Нұралхан Көшеров мұндай халықаралық симпозиумдар қолөнершілердің өзара тәжірибе алмасуына, ұлттық өнімдерді халықаралық нарықта танытуға және жаңа серіктестік байланыстар орнатуға жол ашатынын айтты. Сондай-ақ мұндай бастамалар Түркістанның туристік әлеуетін күшейтіп, оның халықаралық беделін арттыруға ықпал ететінін жеткізді.

Түркі дүниесінің рухани орталығы

Салтанатты жиында Түркияның Әділет және даму партиясының Түркі мемлекеттерімен байланыс жөніндегі төрағасы, доктор Күршад Зорлу сөз сөйлеп, Түркістанның күллі түркі жұрты үшін айрықша тарихи әрі рухани маңызға ие екенін атап өтті.

Ол қатысушыларға Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоғанның ыстық сәлемін жеткізіп, Қожа Ахмет Ясауидің мұрасы бүгінгі түркі интеграциясының маңызды рухани негіздерінің бірі екенін айтты.

Күршад Зорлу алдағы уақытта Түркістанда өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті қарсаңында осындай мазмұнды ғылыми-мәдени шараның ұйымдастырылуы ерекше маңызға ие екенін айтып, бұл кездесу түркі елдері арасындағы мәдени және ғылыми ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.

Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хаты оқылды

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Өкілетті Кеңес мүшесі, профессор, доктор Дархан Қыдырәлі Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың арнайы құттықтау хатын оқып берді.

Құттықтау хатында Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасын зерттеу мен насихаттау Қазақстанның мемлекеттік саясатындағы маңызды бағыттардың бірі екені атап өтілген.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұлы ойшылдың зияткерлік мұрасын кеңінен дәріптеуге арналған бірқатар жобалардың жүзеге асырылып жатқаны айтылды.

Хатта Түркістанда ұйымдастырылып отырған халықаралық симпозиум осы игі бастамалардың заңды жалғасы екені, ал Қожа Ахмет Ясауи тұлғасы түркі халықтарының рухани тұтастығы мен бірлігінің символына айналғаны ерекше атап көрсетілген.

Халықаралық деңгейдегі пікірталас алаңы

Симпозиумға Қазақстан мен Түркияның мемлекет және қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындарының басшылары, дипломаттар, белгілі ғалымдар, зерттеушілер мен студенттер қатысуда.

Жиында «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек, Түркия Республикасы Сауда министрінің орынбасары Махмут Гюржан, Түркияның Астанадағы Бас консулы Мустафа Капучу, Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ Өкілетті Кеңесінің төрағасы, профессор Мухиттин Шимшек және университет ректоры Жанар Темірбекова сөз сөйлеп, ахилік дәстүрінің қазіргі қоғамдағы маңызы, түркі мемлекеттері арасындағы ғылыми және мәдени байланыстарды дамыту мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Үш күн бойы ғылыми баяндамалар жасалады

1–3 сәуір аралығында өтетін симпозиум аясында ахилік институтының тарихи қалыптасуы, оның әлеуметтік-экономикалық және рухани негіздері, Қожа Ахмет Ясауидің даналық ілімімен сабақтастығы, түркі өркениетіндегі қолөнер мәдениеті, ұлттық кәсіпті дамыту, мәдени мұраны сақтау және жастар тәрбиесіндегі рухани құндылықтардың рөлі кеңінен талқыланады.

Ғалымдардың баяндамаларында ахилік дәстүрінің қазіргі заманғы кәсіпкерлік мәдениетімен үндестігі, кәсіби этика, әділ сауда қағидалары және тұрақты экономикалық даму мәселелері де қамтылады.

Ұйымдастырушылардың пікірінше, халықаралық симпозиум ғылыми қауымдастық арасындағы байланыстарды нығайтып қана қоймай, Түркістанның түркі әлемінің рухани және мәдени орталығы ретіндегі мәртебесін одан әрі бекіте түседі. Сонымен қатар мұндай халықаралық алаңдар ортақ тарихи мұраны жаңаша пайымдап, оны болашақ ұрпаққа жеткізу жолындағы маңызды қадамдардың бірі саналады.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0