Түркістанда өңірдің даму басымдықтары талқыланды: инвестиция, өндіріс және жаңа жобаларға басымдық берілді
Түркістан қаласында Түркістан облыстық қоғамдық кеңесінің он төртінші кеңейтілген отырысы өтті. Жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестиция тарту, өндірісті әртараптандыру, цифрландыру және инфрақұрылымды жетілдіру мәселелері жан-жақты талқыланды, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Кеңейтілген отырысқа облыс әкімі Нұралхан Көшеров, облыс әкімдігі өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары, басқарма басшылары мен сала мамандары қатысты.
Өңір өзін-өзі қамтамасыз ететін аймаққа айналуы тиіс
Жиында сөз сөйлеген Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес өңірде ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.
Оның сөзінше, соңғы жылдары «Ауыл аманаты», «Ауыл – Ел бесігі» және басқа да мемлекеттік бағдарламалар арқылы ауылдардың инфрақұрылымы жақсарып, ауыз су, газ, электр энергиясы мен жол мәселелері кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді.
Әкім ендігі басты мақсат – экономиканы күшейтіп, Түркістан облысын өзін-өзі толық қамтамасыз ететін өңірге айналдыру екенін атап өтті.
«Экономика мықты болса ғана барлық мәселені шешуге мүмкіндік болады. Президент еліміз шикізат экспорттаушы ғана емес, дайын өнім шығаратын мемлекетке айналуы тиіс екенін айтты. Осы бағытта нақты жоспарлар әзірленді. Өндірістік парктер салынып жатыр. Енді мұндай жобалар тек қала мен аудан орталықтарында ғана емес, ауылдарда да жүзеге асады. Бізде еңбекқор халық пен зор мүмкіндік бар. Бірлесіп жұмыс істесек, Түркістан облысын еліміздің көшбасшы өңіріне айналдырамыз», – деді Нұралхан Көшеров.
Экспорт көлемі үш жылда 42 пайызға өсті
Облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері туралы баяндама жасады.
Оның айтуынша, облыс әкімінің тапсырмасымен әр аудан мен қаланың экономикалық әлеуетіне кешенді талдау жүргізілген. Сараптама барысында өңірлердің өндірістік мүмкіндігі, табиғи ресурстары, импортқа тәуелділігі және ішкі нарықтың сұранысы зерделенген.
Нәтижесінде импортты алмастыру бағытындағы нақты жобалар айқындалып, жаңа өндірістерді іске қосуға басымдық берілген.
Мәліметке сәйкес, 2025 жылы Түркістан облысының сыртқы сауда айналымы 3,5 млрд АҚШ долларына жетіп, өсім 34,6 пайызды құрады. Ал экспорт көлемі соңғы үш жылда 42 пайызға артып, 1,8 млрд АҚШ долларына жеткен.
Импортты алмастыратын жаңа өндірістер іске қосылды
Өңірде жоғары қосылған құны бар өнім шығару бағытында бірқатар өндіріс орындары ашылған.
Импорт құрылымын талдау нәтижесінде бұрын шетелден әкелінген 154 млн АҚШ долларына дейінгі өнімдіоблыстың өзінде өндіруге мүмкіндік бар екені анықталған.
Соның нәтижесінде жалпы құны 176 млрд теңгені құрайтын 31 инвестициялық жоба жүзеге асырылған.
Олардың қатарында:
- Түркістандағы Lihua жіп иіру фабрикасы;
- QazLaminat ламинат зауыты;
- Er Qan бір реттік ыдыс-аяқ өндірісі;
- QazEcoPack скотч шығаратын кәсіпорны;
- Сауран ауданындағы «Жасыл Суық Қазақстан» тоңазытқыш зауыты;
- Шардарадағы «Казкрахмал» жүгеріні терең өңдеу кәсіпорны;
- Түлкібастағы Beibars Bottlers (RC Cola) сусын өндірісі;
- Кентаудағы Turan Shenhua газ қазандықтары өндірісі бар.
Бұдан бөлек, облыста жалпы құны 280 млрд теңге болатын тағы 39 жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында ауыл шаруашылығы техникаларын, дрондарды, бояу материалдарын, тігін және тоқыма өнімдерін, химиялық қоспалар мен витаминдерді, сондай-ақ мал сүйегінен өндірілетін өнімдерді шығаратын кәсіпорындар бар.
Инвестиция көлемі рекордтық деңгейге жетті
Инвесторларға қолайлы жағдай жасау үшін өңірде арнайы экономикалық аймақтар мен индустриялық аймақтар дамытылып келеді.
Арнайы экономикалық аймақта жалпы құны 881 млрд теңге болатын 98 жоба жүзеге асырылып, 7663 жұмыс орны ашылған.
Индустриялық аймақтарда 124 млрд теңгенің жобалары іске асырылып, 6 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.
Сонымен қатар шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында 29 өндірістік алаң құрылып, 275 өндірістік ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Бұл бағыттағы жобалардың жалпы құны 227 млрд теңгені құрайды және 5879 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Түркістан экономикасы республикада көш бастады
Инвестиция тарту жұмыстарының нәтижесінде 2025 жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1,7 трлн теңгеге жетіп, өсім 121,6 пайызды құрады.
Ал тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 2 млрд АҚШ долларына жетіп, жоспар толық орындалған.
Өткен жылы облыста 58 жоба іске қосылып, 8 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Биыл тағы 67 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Биылғы алғашқы төрт айдың қорытындысы бойынша Түркістан облысының қысқа мерзімді экономикалық өсімі 125 пайызды құрап, республика бойынша бірінші орынға шыққан.
Ал 2026–2029 жылдарға арналған инвестициялық жобалар пулы жалпы құны 2,8 трлн теңгені құрайтын 122 жобадан тұрады. Бұл жобалар толық іске асқанда 18 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Сонымен қатар өңірдің жалпы өңірлік өнім көлемін 2030 жылға қарай 13 трлн теңгеге дейін жеткізу, ал республикалық бюджетке тәуелділікті 40 пайызға дейін қысқарту көзделіп отыр.
Жиын соңында қоғамдық кеңес мүшелері өңірде жүргізіліп жатқан жұмыстарға оң баға беріп, әлеуметтік-экономикалық дамудың тұрақты қарқын алып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығын арттыру мен қоғамдық бақылауды күшейту маңызды екені айтылды.
Тегтер:
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0
Ұқсас мақалалар
Сабыржан асаба елден кешірім сұрап, ақталып шыққан қари...
Тамыз 5, 2026 chat_bubble 0 visibility 197
Атырауда балаларға тегін балмұздақ таратқан кәсіпкер ай...
Тамыз 5, 2026 chat_bubble 0 visibility 10
«Жақсылығымды түсінбеген адам»: Жылқышыны айыптаған кәс...
Тамыз 5, 2026 chat_bubble 0 visibility 50