Түркстан: Төлебидегі Көксәйек ауылында жаңа спорт кешені пайдалануға берілді

Сәуір 3, 2026 - 11:18
app_badging Тамыз 5, 2026 - 19:19
chat_bubble  0 visibility  2
Түркстан: Төлебидегі Көксәйек ауылында жаңа спорт кешені пайдалануға берілді
Фото: Түркістан облыстық әкімдігі

Түркістан облысында бұқаралық спортты дамыту, тұрғындардың дене белсенділігін арттыру және ауылдық жерлердегі спорт инфрақұрылымын нығайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді, деп хабарлайды Sadaq.kz.

Мемлекет басшысының халықтың салауатты өмір салтын қалыптастыру, жастардың спортпен тұрақты айналысуына қолайлы жағдай жасау жөніндегі тапсырмалары өңірде кезең-кезеңімен орындалуда. Соның нәтижесінде соңғы жылдары облыстың қала, аудан, ауылдарында жаңа спорт нысандары салынып, қолданыстағы кешендер жаңартылып, спорт мектептері қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуде.

Осы игі бастамалардың жарқын көрінісі ретінде Төлеби ауданына қарасты Көксәйек ауылдық округінің орталығы – Көксәйек елді мекенінде жаңа заманауи спорт кешені пайдалануға берілді. Бұл – ауыл тұрғындары үшін көптен күткен әлеуметтік маңызы зор нысан. Енді ауыл жастары мен спорт сүйер қауым барлық талапқа сай жабдықталған кешенде кәсіби деңгейде жаттығып, спорттық шеберліктерін шыңдай алады.

Жаңа спорт кешені «Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында республикалық бюджет қаражаты есебінен салынды. Бағдарламаның басты мақсаты – ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту және өңірлер арасындағы әлеуметтік теңгерімді қамтамасыз ету. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде Көксәйек ауылында заман талабына толық жауап беретін жаңа спорт нысаны бой көтерді.

Нысанның жобасын «Архстрой-2005» ЖШС әзірлесе, құрылыс жұмыстарын «Корпорация Алем – құрылыс» ЖШС сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтады. Жалпы аумағы 4267,99 шаршы метрді құрайтын спорт кешені барлық қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтылған. Мұнда халықаралық талаптарға сәйкес жабдықталған баскетбол және волейбол залдары, ұлттық спорт түрі саналатын күреспен айналысуға арналған арнайы зал, сондай-ақ заманауи құралдармен жабдықталған тренажер залы орналасқан. Кешеннің көрермендер залы бір мезетте 100 адамды қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл алдағы уақытта аудандық және облыстық деңгейдегі түрлі спорттық жарыстар мен бұқаралық іс-шараларды өткізуге жол ашады.

Спорт кешенінің салтанатты ашылу рәсіміне Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов, Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров, аудан ардагерлері, спорт саласының мамандары, жастар және ауыл тұрғындары қатысты. Рәсім барысында сөз сөйлеген қонақтар жаңа нысанның ел игілігіне берілгенімен құттықтап, бұл кешеннің ауыл жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, бұқаралық спортты дамытуға және болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге үлкен мүмкіндік беретінін атап өтті.

Жаңа спорт нысаны алдағы уақытта Түркістан облыстық №7 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің қарауына беріледі. Мұнда тәжірибелі жаттықтырушылардың жетекшілігімен жас спортшылар кәсіби дайындықтан өтіп, республикалық және халықаралық жарыстарға қатысуға мүмкіндік алады. Бұл өз кезегінде өңірде спорт резервін қалыптастыруға және дарынды жастардың қабілетін дамытуға ықпал етеді.

Жалпы Түркістан облысында спорт саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірде жалпы құны 63,6 миллиард теңгені құрайтын 102 спорт нысанының құрылысы аяқталды. Бұл көрсеткіш облыста спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстарының қарқынды жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Ал 2026 жылы тағы 11,3 миллиард теңгеге бағаланған 20 жаңа спорт нысанын пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар 15 спорт нысаны күрделі жөндеуден өткізіліп, 15 спорт мектебі жаңа буындағы спорттық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.

Өңірде тек инфрақұрылымды дамыту ғана емес, спортшыларды әлеуметтік қолдау мәселесі де басты назарда. Қазіргі таңда 231 спортшыға ай сайын арнайы стипендия төленіп келеді. Бұл олардың алаңсыз дайындалып, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетуіне мүмкіндік береді. Мұндай қолдау жүйесі талантты жастардың спортқа қызығушылығын арттырып, кәсіби спортпен тұрақты айналысуына серпін беруде.

Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан мұндай жобалар ауыл тұрғындарының денсаулығын нығайтып қана қоймай, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға, бұқаралық спортты дамытуға және құқықбұзушылықтың алдын алуға да оң ықпал етеді. Жаңа спорт кешендері балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастырып, олардың шығармашылық және спорттық әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді.

Айта кету керек, жыл соңына дейін Төлеби ауданындағы Момынай ауылында тағы бір жаңа спорт кешенін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл бастама аудан тұрғындарының спортқа қолжетімділігін одан әрі арттырып, ауылдық жерлердегі спорт инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтермек.

Бүгінде Түркістан облысында спорт саласын дамыту бағытында қолға алынған кешенді жұмыстар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсерін тигізуде. Заманауи спорт нысандарының көбеюі халықтың өмір сапасын жақсартып, жас ұрпақтың денсаулығын нығайтуға, кәсіби спортшылардың жаңа буынын тәрбиелеуге және Қазақстан спортының жетістіктерін арттыруға берік негіз қалайды.

 

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0