Ұлдана Мырзуан ісі: сот тергеуі қайта басталуы мүмкін
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында жедел жәрдем фельдшері, 23 жастағы Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот процесінде күтпеген жағдай болды,деп хабарлайды Sadaq.kz.
Іс бойынша сотталушы – мүлік иелері бірлестігінің (МИБ) төрайымы Сәуле Жұбаниязова. Сот жарыссөзінің соңғы кезеңіне жетіп, Жұбаниязова соңғы сөзін айтуға дайындалып жатқан. Алайда жәбірленуші тарап сот тергеуін қайта бастау туралы өтініш білдірді.
Бұған қайғылы оқиға болған тұрғын үйді салған құрылыс компаниясына қатысты тергеудің қайта басталуы себеп болған. Адвокаттың пікірінше, құрылыс компаниясына қатысты қылмыстық іс бойынша қабылданатын шешім МИБ төрайымына қатысты істің қаралуына да әсер етуі мүмкін.
Жәбірленуші тараптың өкілі Орынбековтің айтуынша, тергеу судьясының шағым бойынша қабылдайтын шешімі қылмыстық құқықбұзушылықтың мән-жайын толық анықтауға және оқиғаға қатысы болуы мүмкін тұлғалардың әрекеті немесе әрекетсіздігіне құқықтық баға беруге ықпал етуі ықтимал.
Сот тергеуін қайта бастау туралы өтінішті сотталушы Сәуле Жұбаниязованың қорғаушысы Алтынбек Таңқыбаев та қолдаған.
Тараптардың пікірін тыңдаған судья Меруерт Абаева сот отырысына үзіліс жариялады. Енді сот тергеуін қайта бастау туралы өтініштің тағдыры шешіледі.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0