«Ұлттың жауһарын қорғауымыз керек!»: журналист Димаштың қауіпсіздігіне алаңдаулы (ВИДЕО)

Журналист Ержан Төлек әлеуметтік желідегі парақшасында Димаш Құдайбергеннің Мексика астанасы Мехикода өткен сапары туралы пікір білдірді деп хабарлайды qazaq.today
Оның айтуынша, Димаштың қауіпсіздігі мәселесі жеке адамның емес, елдің деңгейінде шешілуі тиіс.
«Димашты қорғау керек! Мына видеоны көріп қатты алаңдап қалдым. Димаш Жаһанға қазақтың рухын, тілі мен өнерін танытып, мойындатып жүр! Қазақстанның имиджін қалыптастырып, көптеген елдерде ұлттың төлқұжатына айналды», – деп жазды журналист.
Ержан Төлек Мехикодағы концерт алдында Димаштың айналасында жиналған жанкүйерлердің көптігінен қауіпсіздік қызметінің әлсіздігі байқалғанын атап өтті.
«Мына жерде қорғаушылар әлсіз көрінді. Олардың тасқындай толқыған жанкүйерлер алдындағы дәрменсіздігі байқалады. Димаштың әлемде миллиондаған жанкүйері бар. Әрбір қазақ тақым қысып отыр. Меніңше, Димаштың қауіпсіздігі мәселесін елдік деңгейде қамтамасыз ету керек. Ұлттың жауһарын көздің қарашығындай сақтау қажет!», – деді ол.
Айта кетейік, қазақстандық әнші Димаш Құдайберген қазір Латын Америкасы елдерінде жеке концерттік турын өткізіп жүр. Мехико қаласында өткен кездесуде оны көруге мыңдаған тыңдарман жиналған.
Сіздің реакцияңыз қандай?






