Үш айда 134 млрд доллар жоғалтқан Маск Трамптан іргесін аулақ сала бастады

Сәуір 8, 2025 - 15:44
Үш айда 134 млрд доллар жоғалтқан Маск Трамптан іргесін аулақ сала бастады
ЖИ

Илон Маск Трамптың тарифтік саясатына байланысты капиталын жоғалтуда. Bloomberg басылымы Масктың 2024 жылдың қарашасынан кейін алғаш рет капиталы 300 млрд доллардан төмен көрсеткішке түскенін жазды. Жалпы жиынтығы Маск соңғы айларда 134,7 млрд доллар қаражат жоғалтқан. «Tesla компаниясының тізгіндеушісі Илон Маск Трамптың тарифтік саясатының соққысын сезінуде» дейді басылым жариялаған мақалада.

 Дүйсенбіде АҚШ-тың қор нарығы сауданы минуспен бастады. Tesla компаниясының акциялары құлдырап, Маск дүйсенбіде 4,4 млрд доллар қаражат жоғалтты. Bloomberg Billionaires Index жазуынша Масктың капиталы 300 млрд доллардан төмендеп, 297,8 млрд долларға дейін түскен. Өткен аптаның жұмысында Илон Маск 31 млрд доллар жоғалтқан. Осылайша Илон Маск 2025 жылдың төрт айында жиынтығы 134,7 млрд доллар капиталынан айырылған.

 Bloomberg-тың жазуынша Илон Масктың капиталының азаюы Трамптың тарифтік саясатымен тікелей байланысты. Трамп билікке келген сәтте Маскты өз командасына қосты және Tesla компаниясының акциялары аспандап кетті. Алайда АҚШ президентінің соңғы шешімдері мен әлемдік экономикадағы сауда соғысы компанияның акцияларының күрт құлдырауына әкелді.

Масктың Трамп командасында болуы Tesla-ны қиын жағдайға қалдырды. АҚШ-та жүздеген адам Tesla көлігін тізгіндейтін жүргізушілерге шабуыл жасап, көліктерін отқа орады. Сарапшылар Масктың сыртқы және ішкі саясаттағы әр іске пікір білдіруі компанияның өнімін сатып алушылардың санын азайта түскенін айтуда. 2024 жылдың желтоқсанынан бері Tesla компаниясының акциялары 47 пайызға құлдыраған.

 Демалыс күндері Илон Маск кезекті бір сұхбатта «АҚШ пен Еуропа арасында еркін сауда аймағын құру керектігі» туралы ұсынысын айтты. Ол ЕО мен АҚШ-тың арасында тарифтік тартыс болмауы тиістігін меңзеді. Алайда оның бұл ұсынысы Трамп командасы тарапынан қолдау таппауы мүмкін.

 Politico басылымы Трамп пен Илон Масктың қарым-қатынасында келіспеушіліктер пайда бола бастағанын жазды. «Масктың танымалдылығы мен өзін АҚШ басшысы іспеттес ұстауы, жиналыстарға ұлын әкелуі Трамптың жүйкесін жұқарта бастады. Сонымен бірге тарифтік саясаттағы ұстанымдары да сәйкес келмейді», - дейді басылым.

Mezgil.kz

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow