Үш жасар қызды өлтіріп алған стоматология басшысы жаңа емхана ашты

Сәуір 6, 2026 - 17:06
chat_bubble  0 visibility  2
Үш жасар қызды өлтіріп алған стоматология басшысы жаңа емхана ашты
Фото: Видеодан скрин/threads.com/@dr.nadezhda_khon

Әлеуметтік желілерде наркоздан кейін есін жимаған Зере Есентайға қатысты оқиғадан соң Dent Park Ortho стоматологиясының директоры әрі иесі Надежда Хонның есімі қайтадан қызу талқыға түсті. Сондай-ақ оның Himan Clinic атауымен жаңа медициналық мекемеде жұмысын жалғастырып жатқаны туралы ақпарат тарады. Бұл жөнінде Sadaq.kz сайты NewTimes.kz-ке сілтеме жасап хабарлады.

Threads платформасында жарияланған мәліметтерге сәйкес, жаңа клиника Қайым Мұхамедханов көшесі, 19 мекенжайында орналасқан.

Астана тұрғыны Айнұр Таменованың айтуынша, бұған дейін Надежда Хон жетекшілік еткен емхана қызметін тоқтатқан.

«Жаңа клиника ашып қойды. Сол жерде наркоз кезінде қыз бала қайтыс болды. Осындай жағдайдан кейін қалайша қайта кәсіп бастайды? Таң қалып отырмын. Теріс пікір жазылмасын деп, пікір қалдыру мүмкіндігін де жауып қойған», – деп жазды ол.

Желі қолданушылары да бұл жағдайға байланысты өз пікірлерін білдіріп, қайғылы оқиғадан кейін медициналық қызметті қайта жалғастыру қаншалықты дұрыс деген сұрақ қойды. Олардың бірі жаңа клиникада емделгенін айтып, келісімшарт сұраған кезде қызметкерлердің дөрекі жауап бергенін жеткізді. Тағы бір қолданушы бірнеше жыл бұрын бұл емхана туралы жағымсыз пікір естігенін, бірақ оған мән бермегенін жазған. Дегенмен кейбірі Надежда Хонды кезінде білікті маман ретінде танығанын атап өтті.

Ал Himan Clinic өкілдері өз кезегінде мекеменің заң талаптарына сай жұмыс істеп жатқанын және барлық қажетті лицензиялары бар екенін мәлімдеді. Олардың айтуынша, клиника атауы ішкі ұйымдастырушылық өзгерістерге байланысты ауыстырылған.

«Емхананың атауын өзгерту туралы шешім басқарушылық және ұйымдастырушылық өзгерістерге байланысты қабылданды. Барлық медициналық қызметтер, соның ішінде пациенттердің қауіпсіздігі, белгіленген стандарттар мен хаттамаларға толық сәйкес жүргізіледі», – деп жауап берді клиника өкілдері.


Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0