«Заңға сай әрекет етті»: Астана полициясы велосипедшіге күш көрсетіп тұтқынға алған қызметкерлерін ақтап алды

Астанада полиция қызметкерлері велосипед айдап жүрген адамды қолын қайырып, қауіпті қылмыскерді ұстағандай ұстап әкеткені туралы видео тараған еді.

Сәуір 30, 2025 - 10:48
Сәуір 30, 2025 - 11:00
«Заңға сай әрекет етті»: Астана полициясы велосипедшіге күш көрсетіп тұтқынға алған қызметкерлерін ақтап алды

Астана қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі полиция қызметкерлерінің велосипед мінген адамды қолын қайырып ұстап жатқан сәті түсірілген видеоға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлады Азаттық радиосы. 

Желіде тараған видеода Астанадағы Есіл өзенінің жағалауында полиция қызметкерлері велосипед мінген адамды күш көрсетіп ұстап, жерге жығып алып, қолын қайырып, кісен салғаны көрінеді. Полицейлер әлгі адамды полиция бөлімшесіне алып кеткен. Оқиға сол жерден ары-бері өтіп жатқан адамдардың көз алдында болған.

Велосипедшіні ұстау сәті түсірілген видео әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Кейбір қолданушылар болған жағдайды аса қауіпті кәнігі қылмыскерді ұстаумен салыстырды.

Астана қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі Азаттық Азияның сауалына берген жауабында полиция патрулі қызметкерлері жаяу адамдарға арналған көпірде велосипед теуіп бара жатқан азаматты тоқтатқан деп түсіндірді. Ол көпірде велосипедпен жүруге тыйым салынған.

"Полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін сақтау туралы ескерту жасамақ болған. Алайда ер адам бірден агрессивті әрекет жасап, заңды талаптарды орындаудан бас тартқан. Осыған байланысты полиция қызметкерлері заңда көзделген шараларды қолдануға және оны тірек пунктіне жеткізуге мәжбүр болды", – деді полиция департаменті.

Баспасөз қызметі қазіргі уақытта осы оқиғаға қатысушылардың әрекетіне құқықтық баға беру үшін тексеру тағайындалғанын хабарлады.

 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow