Желіде полицейлердің жас жігітті анасының көзінше күштеп әскерге алып кетпек болғаны түсірілген ВИДЕО тарады

Желтоқсан 28, 2024 - 10:48
Желтоқсан 28, 2024 - 10:55
Желіде полицейлердің жас жігітті анасының көзінше күштеп әскерге алып кетпек болғаны түсірілген ВИДЕО тарады

Желіде полиция қызметкерлерінің жас жігітті анасының көзінше күштеп әскерге алып кетпек болғаны түсірілген видео тарады. 

Әлеуметтік желіде тараған видеодан екі полиция қызметкерінің жас жігітті жерге құлатып, ұстап жатқанын, анасының ұлын босатуды сұрап жылап жүргенін көруге болады. Видео жазбасында оқиғаның Ақтөбе облысында болғаны жазылған.

Ақтөбе облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ардан Саймағамбетов видеоға қатысты пікір білдірді.

“Бұл мәлімдемелердің шындыққа жанаспайды. Қақтығыс болған жерге полиция қызметкерлері шақырту бойынша барған. Әскери комиссариат қызметкерлері мен әскерге шақырылушының арасында жанжал болғаны, жанжал кезінде әскерге шақырылған жігіттің басқаларды қорқытып, электршокер пайдаланғаны анықталды. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері заңға сәйкес әрекет етті. Алайда жас жігіт қарсылық көрсетіп, полицейлердің заңды талабын орындамаған", — деді полиция бастығының орынбасары.Саймағамбетовтың айтуынша, әскери қызметкерлердің әрекеті бойынша жиналған материал процессуалдық шешім қабылдау үшін Әскери тергеу басқармасына жіберілді. Полиция қызметкерлерінің әрекетіне қатысты да тексеріс жүргізілмек.

Сонымен қатар полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбағаны үшін жас жігітке қатысты әкімшілік хаттама толтырылған.

"Қақтығыстың барлық тараптарына құқықтық баға беріледі. Біз азаматтарды абай болуға, ақпараттың дұрыстығын тексеруге және тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамыз", – деді Саймағамбетов.

Stan.kz

 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow