«Қандастар заңға бағынуы тиіс»: Тоқаев Талғардағы оқиға жайлы пікір білдірді

Басқаның бәрі – құр дақпырт пен теріс пиғылды кейбір топтардың осы жағдайға саяси сипат беруге деген ұмтылысы ғана. Бұған жол беруге болмайды.

Қаңтар 3, 2025 - 16:24
Қаңтар 3, 2025 - 16:36
«Қандастар заңға бағынуы тиіс»: Тоқаев Талғардағы оқиға жайлы пікір білдірді

Талғарда 4 қазан күні Қаржаубай Нұрымов, ұлы Шерзат Болат және ағасы Нұрқанатпен жанжалдасып, арты кісі өліміне ұласты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы оқиғаға қатысты «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында сөз қозғады, деп хабарлайды Orda.kz.

Әуелі Талғардағы оқиғаны тізбектеп айта кетсек. 4 қазанда 16 жасар Шерзат олардың «Қамажай» дүкеніне келген бір топ адаммен болған төбелестен соң, пышақ жарақатынан қаза болды. 

Бұл оқиғадан соң әкесі мен Нұрқанат ағасы және туыстары әділ сот талап етіп, жақындарымен және бір топ адаммен Талғарда көшеге шығып, жолды жауып тастаған болатын. Осыдан кейін әкесі өзіне біреулердің қоқан-лоққы жасап жатқанын айтты. Кейін олардың үйі өртенді.

Ал тергеу ісіне келсек, 10 адам күдікті ретінде ұсталды. Сол кездегі екі әйел адам куәгер ретінде қалды. Бұзақылық, кісі өлтіру, қоқан-лоққы жасау, қылмысты құзырлы органдарға хабарламау сынды айыптармен қылмыстық іс қозғалды. 3 пышақ, 1 мылтық айғақ ретінде алынды

Ал 9 желтоқсан сот алдында Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесі інісі Шерзат жерленген зират маңынан тізерлеп отырған күйі мойнында оралған сыммен табылды. 

10 желтоқсан Қаржаубай Нұрымов ұсталып, 15 күнге  қамалды. Қаржаубай Нұрымовқа қатысты полиция ҚР ҚК 202-бабы («Басқа біреудің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру») бойынша соталды тергеуді бастаған болатын. 25 желтоқсан Қаржаубай Нұрымов бостандыққа шықты. 

Еске сала кетсек, 12 желтоқсан Қаржаубайдың адвокаты  полицияның сөзін жоққа шығарып, «хаттарды жариялауға отбасының рұқсат бермегенін және Қаржаубайды ұстауды сұрамағанын» мәлімдеді.

Бұл оқиға жайлы Тоқаев Талғар оқиғасына дейін жариялаған Жолдауында құқық қорғау органдарынан қылмыс пен қарақшылықтың тамырына балта шабуды талап еткенін айтты. Президенттің айтуынша, Қаңтар оқиғасы кезіндегі жаппай тәртіпсіздікті қылмыстық топтар жасағанын естен шығармаған жөн екенін айтты. Оның сөзінше, мемлекет ұйымдасқан қылмыспен ымырасыз күрес жүргізуге шамасы жететінін соңғы екі жылда анық көрсетті.

«Аса қауіпті қылмыстық топтар әшкереленіп, құрықталып жатыр. Олардың сыбайластары мен қаржы көздері де анықталып отыр. Былтыр 246 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде ұйымдасқан қылмыстық топтардың 30 басшысы бар. Бұл жұмысты мен ерекше бақылауда ұстап отырмын», — деді Тоқаев.

Президент Талғардағы оқиғадан кейін құқық қорғау органдары қажетті шаралардың бәрін қабылдағанын, күдіктілердің қамауға алынғанын, тергеу ісі де аяқталып қалғанын айтты.

«Көп ұзамай осы іске қатысты сот болады. Бұл оқиғаға орай құзырлы органдар қабылдаған барлық шара заң талаптарына толық сай келеді», — деді Тоқаев. 

Сонымен қатар Тоқаев Талғардағы оқиғаға саяси сипат беруге тырысқан топтардың дақпырт тарататынын атап өтті. Оның сөзінше қандастар шетелде заңға қалай бағынса, өз елінде де заңға бағынып, заңсыз әрекеттерден аулақ болуы қажет.

«Басқаның бәрі – құр дақпырт пен теріс пиғылды кейбір топтардың осы жағдайға саяси сипат беруге деген ұмтылысы ғана. Бұған жол беруге болмайды.
Осы оқиғаға қатысы бар азаматтар бойынша мына мәселені еске салғым келеді. Қазақ халқы шетелден келген отандастарын «қандасым» деп, құшақ жая қарсы алды. Тарихи Отанына оралғандар Қазақстан заңдарына қатаң бағынып, қоғамдық тәртіпті сақтап, заңсыз әрекеттерден аулақ болуы керек. Олар бұрын өздері тұрған елде биліктің талабын сақтап, ондай әрекет жасаған жоқ қой?!», — деді Тоқаев.

Еске сала кетсек, 10 желтоқсанда Азат ауылында Шерзаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың  жаназасы өте салысымен арты үлкен дауға айналды. Қаржаубай Нұрымов журналистермен кездесуді талап етіп, тіпті өз-өзін пышақпен жарақаттап тастады.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow