10 жастағы баланы қабаған иттерден аман алып қалған зейнеткер марапатталды

30 маусым күні Алмалыбақ ауылындағы футбол алаңында үш иттің шабуылынан 10 жасар Максим Головачевті аман алып қалған Серікбек Сақайбаев марапатталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оған құрмет көрсету мақсатында арнайы марапаттау шарасы ұйымдастырылды. Шара барысында Қарасай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Рустам Атшабаров Серікбек мырзаға Алғыс хат пен демеушілер атынан қаржылай сыйлық табыстады.
Сонымен қатар мерекелік жиынға аудандық полиция басқармасының басшысы Нұсқабек Зауланбаев пен төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Бағдат Шәріпбеков арнайы келіп, Серікбек Сақайбаевқа Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар тапсырды. Қарасай аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сағат Мәсімақынов өз батасын беріп, бұл ерлік елге үлгі болатынын атап өтті.
"Бұл оқиға – әрбір азамат үшін үлкен сабақ. Қоғамдағы бейқамдық пен салғырттық адам өміріне қауіп төндіретіні анық. Заңсыз және бақылаусыз ит ұстау деректері анықталған жағдайда тұрғындар құқық қорғау органдарына немесе аудан әкімдігіне дереу хабарлауы тиіс," – делінген хабарламада.
Қарасай ауданы әкімдігі Максимнің тезірек сауығып кетуін тілей отырып, бұл істің толық бақылауда екенін жеткізді.
Сіздің реакцияңыз қандай?






