32 пәтер, 11 автокөлік: фармацевтикалық компанияның басшылары ұсталды
"Интерфармсервис" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылары 3,7 млрд теңге жымқырды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Қаржылық мониторинг агенттігі.
Компания Дюшенн бұлшықет дистрофиясын емдеуге арналған дәрілік заттарды бес жыл бойы Қазақстан аумағына жеткізіп келген. Өндіруші бұл препараттарға шекті сату бағасын белгілеген.
"Алайда компания басшылығы заңсыз пайда табу мақсатында жеткізу тізбегіне Біріккен Араб Әмірліктерінде тіркелген өздеріне бағынысты компанияны қосып, сол арқылы жалған мәмілелер жүргізген", - дейді агенттік.
Осы схема арқылы препараттардың бағасын қымбаттатып, заңсыз пайда тапқан.
"Салық төлеуден жалтару мақсатында серіктестік басшылығы түрлі жеке кәсіпкерлермен жалған мәмілелер жасап, жалған шот-фактуралар рәсімдеу арқылы қаражатты шығару схемасын ұйымдастырған. 4 млрд теңгеден астам қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған. Компания 637 млн теңгеден астам салық төлеуден жалтарған", - дейді агенттік.
Заңсыз баю нәтижесінде кәсіпкерлер 32 пәтер, 11 автокөлік және 8 тұрғын үй сатып алған. Бұл мүлікке тәркілеу мақсатында тыйым салынды. Екі күдіктіге қатысты үйқамақ, үшінші күдіктіге қатысты кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0