Адвокат: Перизат Қайрат пен анасы сот үкімінен кейін күйзеліске түсті
Адвокаттың пайымынша, істі азаматтық сот қарауы тиіс болған

Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаеваның мүддесін қорғаған адвокат Асланбек Даулетьяров сот үкіміне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, сот шешімі заңсыз әрі негізсіз, сондықтан қорғау тарапы апелляция бермек, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Адвокаттың сөзінше, қос айыпталушының да эмоциялық жағдайы ауыр, қатты күйзелісте жүр. Даулетьяров соттың қорытындысымен ғана емес, прокуратураның уәждерімен де келіспейді. Ол апелляцияда толық ақтау талабын қоймақ, бірақ бұл ұстанымды әлі қорғауындағы Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаевамен нақты келіспеген.
Даулетьяровтың пайымынша, істі азаматтық сот қарауы тиіс болған. Перизат Қайрат өзінің қайырымдылықпен айналысқанын мәлімдеген және бұл айыптау актісінің өзінде жоққа шығарылмаған. Құжатта шамамен 1 млрд теңге көлемінде қайырымдылық жасалғаны жазылған.
Қорғау тарабы 64 куәгерді ұсынғанымен, тек 3 адамның жауабы тыңдалды. Олардың есімдері жария етілмеді, бірақ мемлекеттік қызметкерлер емес екені белгілі.
Адвокат прокурор Арман Кезекеннің ақшаның Палестинаға қолма-қол жеткізілгені туралы мәлімдемесін жоққа шығарды.
Сот қанағаттандырған 1,5 млрд теңгелік азаматтық талапты өтеу үшін айыпталушылардың мүлкі сатылады. Оның жалпы құны шамамен 1 млрд теңге деп бағалануда.
Еске сала кетейік, қайырымдылыққа деп жиналған 3 млрд теңгені жеке бас мақсатында жұмсады деп айыпталған Перизат Қайрат 10 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді, ал Ғайни Алашбаева 7 жылға сотталды.
Сіздің реакцияңыз қандай?






