Алматылық тұрғын Тұрсен Алагөзов қызметкерлеріне 100 пәтер сыйлаған тұрғын үй кешеніне шағымданды

Әлеуметтік желіде Милена есімді тұрғын Талғар ауданы, Бесағаш ауылындағы Hayat apartments тұрғын үйінің қазіргі жағдайына шағымданып, су басқан үйден фото-видеолар жариялады, деп хабарлайды Oinet.kz
Оның сөзінше, жаңбыр жауса болды, жаңа үйдің жертөлесі мен 1-қабатын су басып, терезелерден су кіреді. Оған қоса жарық пен ыстық су жиі өшеді дейді ол. Жаңа үйдің тұрғындары құрылыс салушыға жиі шағымын жеткізіп, кездесіп тұрады екен. Дегенмен тұрғындар әлі де реттелмей келе жатқан дүниелерді айтып, қанағаттанбайтынын жеткізді.
Айта кетейік, кәсіпкер Тұрсен Алагөзов қызметкерлеріне 100 пәтер сыйлаған кезде үйді осы Hayat apartments тұрғын үй кешенінен алған. Желіде шағымданған тұрғын осы деректі атап өтті. Ол Алагөзовтың қызметкерлері көшіп келгенде шошитын болды дейді.
"Меніңше, Тұрсен Алагөзов бұл тұрғын үй кешенінен пәтерді босқа алған сияқты. Оның қызметкерлері сыйға алған үйіне барғанда көңілдері қалып қала ма деп ойлаймын. Сол кезде олар оны кінәлауы мүмкін. Сөз жүзінде мұнда тұрғындарға бүкіл жағдайды уәде етеді, бірақ іске келгенде қандай екенін өздеріңіз көріңіздер. Әлде барлық жаңа үйлерде жағдай осындай ма? Терезеден су өтеді. Жаңбыр жауып еді, бәрін су басып қалды. Жел тұрғанда үйдің сыртқы қасбеті түсе бастады. Басқарушы компания тұрғындарды естімейді. Автоматты суару жүйесі күн ыстық кезге қарастырылмаған. Ал көгал күннен сарғайып кеткен", – деп жазған тұрғын Threads-тегі парақшасында
Ол су басқан үйдің фото-видеоларын да жариялады. Жарық пен су да жиі өшеді деп қосты.
"Жарық пен су, әсіресе ыстық су жиі өшіп тұрады. Суды ағызып жіберетін жүйе жоқ, енді бәрі жертөлеге кетеді. Ал күзде, көктемде не болады? Дренаж жүйесі жоқ. Желіде теріс пікір жазсаң, өшіріледі. Коммуналдық төлемдерді есептеу жүйесіне қатысты да сұрақ көп. Бұл жер асты суларының әсерінен су басатын аймақ болып саналады, ал сонда құрылысқа рұқсат қалай берілді?", – дейді Милена есімді тұрғын.
Hayat apartments тұрғын үйінде тек бір адам шағымданып отырған жоқ. Біз сөйлескен тұрғындардың шағымы мынадай:
"Біз тұрғындар болып компанияның офисіне барамыз, шағымданамыз. Бірақ көбіне қарсы болады немесе ондай проблема бар екенін жоққа шығарады. Терезеден жел өтеді, су өтеді. Ал коммуналкаға қатысты мәселелер көп, үнемі қате болып, қайта есептейді, сәуір айында жылуды тоқтатса да, біз маусымда да жылуға төледік. Бірақ қыс салқын болды. Компанияның басшылығына қанағаттанбаймыз. Себебі тұрғын үйді күтіп ұстауға ақша төлеп жүрміз, бірақ подъезді жуатын кісі енді келейін деп жатыр. Біз жаңадан салынған үйлерде проблема болуы мүмкін екенін түсінеміз, бірақ мына проблемалар шектен шығып кетті", – деп шағымданды тұрғындар.
Алматылық тұрғын Тұрсен Алагөзов 100 пәтер алған тұрғын үй кешеніне шағымданды/Видеодан скринВидеодан скрин
Stan.kz тілшісі Hayat Construction Group компаниясына хабарласып, тұрғынның шағымын жеткізді және жауап алуға тырысып көрді. Компания бірінші қабаттағы су басқан үйлердің иелері жөндеу кезінде қателескен дейді. Сол себепті жаңбыр суы канализация жүйесімен үйге кірген.
"31 шілде мен 8 тамыз аралығында бұл тұрғын үй кешеніне қызмет көрсететін "Hayat Service" басқарушы компаниясының диспетчерлік қызметіне тұрғындардан нөсер жаңбырдың салдарын реттеу туралы 3 өтініш түскен. Су тасқынының салдары мен себептерін зерттеу нәтижесінде апаттар бірінші қабатта орналасқан екі пәтерде (№11 және №12 үйлер) болғаны анықталды. Бұл пәтерлердің иелері сантехниканы орнату кезінде қате жіберген. Атап айтқанда, пәтерлеріне кәріз суын пәтерге ағызып жібермейтін кері клапандарды орнатпаған", – деп жауап берді компания.
Ал подъезге нөсер суы тұрғындардың кесірінен кірген деп топшылады компания.
"Үшінші шағым жаңбыр суы үйдің төбесінен подъезге ағып жатқан №14 үйдің тұрғындарынан түскен. Тексеру нәтижесінде ол жерде нөсер суын белгілі бір зат, болжам бойынша бөтелке бітеп тастағаны анықталды. Бұл мәселе №14 үйден бұрын да анықталған еді. Бұл тұрғындардың бірі кәріз каналын әдейі жауып тастаған деп болжауға негіз береді. Қазір мәселе шешілді. Су тасқынының салдарын жою үшін ғимараттың кіреберісіне сырлау жұмыстары жүргізіліп жатыр", – делінген Hayat Construction Group компаниясының жауабында.
Компания клиенттерімен үнемі байланыста екенін айтып отыр. Бүгінде олар үйдің түсіп қалған қасбетін қайта жөндеп қойған.
Дегенмен шағымданған тұрғын Малена әлеуметтік желі арқылы бұл проблемаларды көрсете беруді жалғастырмақ. Себебі тұрғындар болашақта бәрі реттеледі деп үміттенеді және басқа адамдар осы жерден үй алғысы келсе қайда келе жатқанын біліп отырсын дейді.
Сіздің реакцияңыз қандай?






