Астанада Конституция туралы жазба жариялаған тұрғын 15 тәулікке қамалды
Астана қаласының тұрғыны Кантемир Алмышев әлеуметтік желідегі белсенділігінен кейін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Sadaq.kz ақпарат порталы хабарлайды.
Кантемир Алмышевті полиция қызметкерлері кеше кешкісін жұмыс орнынан ешқандай түсініктеме берместен алып кеткен. Бүгін, 21 ақпанда өткен сот отырысының қорытындысы бойынша оған 15 тәулікке қамауға алу жазасы кесілді. Сот материалдарына сәйкес, іс «Ұсақ бұзақылық» бабы бойынша қаралған. Алайда нақты қандай әрекеті үшін айыпталғаны ашып айтылмады.
Жұбайының айтуынша, сот процесі өте жылдам өткен және отбасының өздері таңдаған қорғаушыны қатыстыруға мүмкіндігі болмаған. Сондай-ақ сот шешімінің көшірмесі де туыстарының қолына берілмеген.
Бұған дейін Алмышев Threads әлеуметтік желісінде өзіне қысым көрсетіліп жатқанын хабарлаған болатын. Оның айтуынша, «әкімдік қызметкерлеріміз» деп таныстырған тұлғалар мен полиция өкілдері оған хабарласып, Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың стратегиясы мен Конституцияға енгізілуі мүмкін өзгерістер туралы жазған сыни жазбаларын өшіруді талап еткен.
Бір қызығы, ұстау кезінде полиция қызметкерлері оған Конституция туралы жазбалары үшін емес, комик Нұрлан Сабыровқа тіл тигізгені үшін айып тағылып жатқанын ауызша айтқан. Қазіргі уақытта Нұрлан Сабыровтың менеджерлері бұл іске қатысты ресми арыз жазылған-жазылмағаны туралы ақпаратқа жауап бермеді.
Сот кабинетіндегі мәліметтерге сәйкес, істі судья Сауле Узакбаевна Абишева қараған. Қазіргі уақытта іс бойынша сот қаулысының мәтіні әлі жарияланған жоқ.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0