«Балаларым әкеп берген»: Ақтөбеде қызғалдақ ауыл әкіміне айыппұл салынды

Сәуір 24, 2025 - 15:52
«Балаларым әкеп берген»: Ақтөбеде қызғалдақ ауыл әкіміне айыппұл салынды

Ақтөбе облысында жұлынған бір шоқ қызғалдақпен суретке түсіп, желіге жүктеген ауыл әкімі әдеп кеңесіне шақырылады. Әкімнің өзі бұл гүлді балалары сыйлағанын және гүлдің бұл түрін білмегенін айтып, ақталды, деп жазады Stan.kz.

Құдайберген Жұбанов  ауылдық округінің әкімі Ләззат Бердібаева әкімшілік жазаға тартылды. Бір шоқ гүлі бар ауыл әкімінің фотосы енді Әдеп кеңесінде талқыланады.

Ауыл әкімінің бір шоқ гүлмен түскен суретін Ақтөбедегі пабликтердің бірі салды. Онда “заң бойынша тыйым салынған емес пе? Шара қолдану сұралады” деп жазылған.

Әкімнің өзі гүлді қыздары әкеліп бергенін айтты. 

“Демалыста балалармен далалық серуенге шықтық. Балаларым жұлып әкеп берді. Естелікке суретке түстім. WhatsApp статусына салдым. Гүл туралы білмеппін. Оны жұлуға болмайтынын да білген жоқпын”, – деді Ләззат Бердібаева.

Ақтөбе облысының полиция департаменті желіге жүктелген фотоға қатысты тексеру қорытындысын жариялады. Гүлді кәмелетке толмаған балалар жұлған. Ауыл әкімі бала тәрбиелеу міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапқа тартылғаны айтылады.

"Анықталған тексеру нәтижесінде әкімшілік кодекстің 127-бабына сәйкес, кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу және асырау жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін әкімшілік хаттама жасалды, себебі оның айтуынша, гүлдерді кәмелетке толмаған балалары жұлып алған. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшінің этикасы жөніндегі кеңесте қаралуы үшін бұл мәселе аудан әкімдігіне жолданды", – деп хабарлады Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексінің 127-бабына сәйкес, бұл құқықбұзушылық үшін 10-нан 15 АЕК-ке дейін (39 320 – 58 980 теңге) айыппұл салынады немесе бес тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы көзделген.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow