Батыс Қазақстан облысында төтенше жағдай жарияланды, Ал Қарағанды тасқынның екінші толқынына дайындалып жатыр
Абай, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Жетісу облыстарында қауіп әлі сейілмей тұр.
Көктемгі су тасқынына байланысты тұрғындарға төнген қауіптің ұлғаюына орай Батыс Қазақстан облысында төтенше жағдай жарияланды. Мұндай бұйрыққа аймақ әкімі Нариман Төреғалиев қол қойды. Бұл туралы БҚО әкімшілігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Төтенше жағдайларды жою жөніндегі шараларды басқару БҚО әкімінің орынбасары Калияр Айтмұхамбетовке жүктелді.
«Өңірде сау тасқынына қатысты жағдай күрделеніп отыр. Сырым, Теректі, Қаратөбе, Бүрлі аудандарында тұрғын үйлерді су басып қалды. 4 мың адам қауіпті аймақтан эвакуцияланды, олардың жартысы балалар. Су тасқынынан зардап шеккендер үшін шұғыл-эвакуациялық пункттер ұйымдастырылды, қажетті жағдай жасалуда», деп хабарлады әкімдік.
29 наурыз күні Батыс Қазақстан облысында 455 үйді қарғын су басып қалды. Құтқарушылар тұрғындарды қайық және тікұшақпен эвакуациялап жатқанын хабарлаған едік.
Төтенше жағдай жарияланған өңірлер
Қалың қар еріп, қарғын су елдімекендерді басып жатқандықтан, жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланып жатыр.
27 наурызда Орал көшелерін қарғын су басып қалған соң, қала әкімі Миржан Сатқанов төтенше жағдай жариялады.
Айта кетейік, Оралда ондаған үй мен әлеуметтік нысандар су астында қалған. Автожолдарда 26 су тасқыны тіркелді.
Абай облысының Аягөз ауданында да төтенше жағдай енгізілді. Аягөз ауданындағы «Аягөз-Бозай» автожолының 20 шақырымында Аягөз өзеніндегі су деңгейі көтеріліп, көпірдің жол төсемін шайып кеткен. Сонымен бірге үш адам суға кетіп, табылмай жатыр.
28 наурызда Қостанай облысының Арқалық қаласы, Амангелді және Жанкелді аудандарында төтенше жағдай енгізілді. Құтқарушылар Жангелдин және Амангелді аудандарында 45 адамды құтқарған.
Ақтөбе облысының Қобда ауданында да жағдай мәз емес. Қарғалы өзіне тасып, жағалай салынған үйлерді су басып қалған. Сондықтан бұл ауданда да төтенше жағдай енгізілді.
«Қазгидромет» ескерткен
Бұған дейін, «Қазгидромет» елімізде көктемде су тасуы мүмкін аймақтарды алдын ала бағалағанын жазған едік. Ведомтства «NASA» спутниктерінің жерді қашықтан зондтау суреттері бойынша 2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша, еліміздің 72%-і қар жамылғанын мәлімдеп, аймақтардағы қауіп деңгейін анықтаған еді. Оған сәйкес:
Қатер жоғары өңірлер: Абай, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Жетісу облыстары.
Орташа қауіп төнген аймақтар: Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Павлодар, Түркістан және Ұлытау облыстары.
Қатер төмен өңір: Маңғыстау облысы екені мәлім болған еді.
Сонымен қатар Қарағанды өңірде су тасқынының екінші толқыны болжанып отыр. Нұра, Осакаров аудандары аумақтарының 40%-ында және Ақтоғай ауданының солтүстік бөлігінде қар әлі ерімеген. Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін су тасқыны қаупі бар аудандарға азаматтық қорғау қызметінің қосымша күштері мен құралдары тартылды. Барлық қажетті жұмыстар жүргізілуде, дамбылар нығайтылып, жергілікті атқарушы органдар мен қызметтер техникамен қамтамасыз етілді.
Сіздің реакцияңыз қандай?