«Бұл – бос әңгіме»: Тоқаев билік транзиті туралы сұраққа, парламенттік реформаға қатысты сыбысқа жауап берді
Тоқаев Turkistan газетіне берген сұхбатында билік транзитіне қатысты сауалға және парламенттік реформаға қатысты сыбысқа жауап берді, деп хабарлайды Ақорда.
Мемлекет басшысы билік транзиті туралы айтуға әлі ерте екенін мәлімдеді.
"Бұл жөнінде сөз қозғауға әлі ерте, алдымызда табанды жұмысқа толы бірнеше жыл бар", - деді президент.
Журналистің пікірінше, кейбір сарапшылар парламенттік реформа бір ғана мақсатпен – парламент төрағасы лауазымын мемлекеттік басқару жүйесіндегі ең басты лауазымға айналдыру үшін ғана өткізіледі деп санайды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл лауазымды өзіне дайындап жатыр деген де сыбыс бар... Президенттің айтуынша, бұл бос әңгіме.
"Бұл – бос әңгіме. Мұндай пікір менің саяси қағидаттарыма қайшы келеді. Мен Қазақстанның президенттік басқару үлгісіндегі мемлекет екенін бірнеше рет айттым. Осыдан 8 жыл бұрын, яғни Ақордаға келгенге дейін "Күшті президент – Ықпалды парламент – Есеп беретін үкімет" тұжырымдамасын жарияладым. Жеке бастың қамын күйттеп, мемлекеттік жүйені тұтастай өзгерте салу барып тұрған жауапсыздық, тіпті, адамгершілікке жатпайтын әрекет болар еді.
Еліміз үшін аса маңызды реформаның бәрі жалпыхалықтық референдумға шығарылады. Бұл жерде ешқандай астыртын ойлар жоқ. Менің ұстанымым баршаға белгілі, саяси реформалар жалғаса береді. Ұзақ мерзімге арналған жоспардың бір бөлігі әдеттегідей жақын арада жарияланады", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0