Бюджетке 365 млрд теңге аударған Құлыбаевтың компаниясы неге ресми тізімге енбеген?

Сәуір 7, 2026 - 23:35
chat_bubble  0 visibility  1
Бюджетке 365 млрд теңге аударған Құлыбаевтың компаниясы неге ресми тізімге енбеген?
Фото: kz.kursiv.media

2025 жылы Тимур Құлыбаевке тиесілі «АЛМЭКС» компаниясы мемлекеттік бюджетке 365 млрд теңге аударғаны белгілі болды, деп хабарлайды Sadaq.kz.

Бұл туралы мәлімет Forbes жариялаған ақпаратта айтылған. Мәліметке сәйкес, мұндай көлемдегі төлем «АЛМЭКС»-ті 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы ең ірі салық төлеушілердің алғашқы үштігіне шығарады. Компания тек Теңізшевройл (ТШО) мен Karachaganak Petroleum Operating (КПО)-дан кейін тұр.

Алайда қызығы — «АЛМЭКС» ресми түрде жарияланған ірі салық төлеушілер тізіміне енбеген және бұл төлем туралы бұған дейін ашық ақпарат болмаған. Тексеру барысында компанияның бюджетке 363 млрд теңгені КБК #206108 бойынша — «республикалық бюджетке түсетін салықтық емес түсімдер» ретінде аударғаны анықталған. Бұл шамамен 750 млн долларды құрайды.

Дереккөздердің мәліметінше, бұл қаражат Тимур Құлыбаевтің мемлекет басшысының ірі бизнес өкілдерін елдің өзекті мәселелерін шешуге бірлесіп атсалысуға шақыруына жауап ретінде жасаған ерікті жарнасы болған. Қаржы тікелей республикалық бюджетке бағытталып, әлеуметтік міндеттерді шешуге — жол жөндеу, мектептер мен ауруханалар салу сияқты жобаларға жұмсалуы көзделген.

Сондай-ақ ақпарат көздері бұл төлемде «ешқандай астар іздеудің қажеті жоқ» екенін атап өткен. Бұған дейін Қазақстанға қатысты Стати ісі бойынша халықаралық арбитраж мәселесін шешуге де Құлыбаевтың қолдау көрсеткені айтылған. Алайда ол кездегі шығын көлемі нақты жарияланбаған.

Айта кетейік, мұндай ірі көлемдегі қаржылық аударымның бұған дейін жария етілмеуі қоғамда түрлі сұрақ тудырып отыр. Дегенмен кей сарапшылар мұны бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің бір көрінісі ретінде бағалауда.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0