«Даналықты меңгерген ментор, рухани ұстаз»: Назарбаевтың келіні ел алдына шықты

Шілде 1, 2025 - 14:47
Шілде 1, 2025 - 15:48
«Даналықты меңгерген ментор, рухани ұстаз»: Назарбаевтың келіні ел алдына шықты
Фото: Іс-шара кадрларынан скрин

Астанада Назарбаев Университетінің Жоғары бизнес мектебі Executive MBA бағдарламасының түлектеріне арналған шара ұйымдастырылды. Онда Нұрсұлтан Назарбаевтың келіні Аида Әлиева спикер ретінде қатысты. Шара университет қабырғасында емес, қаланың элиталық қонақүйлерінің бірінде өткен. Бұл туралы sadaq.kz сайты Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

Аида Әлиева Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашевтың қызы, Нұрәлі Әлиевтің жұбайы. Шарада Аида өзін ментор және коуч және Sonder Wellness, Janym және Zhanartu қайырымдылық қорларының негізін қалаушы ретінде таныстырды.

Пікірталаста ол қорқынышпен күресу, өмірлік өзгерістер және өзін-өзі дамыту тақырыптарында ой бөлісті. 

"Қорқыныш әрқашан болады. Бірақ оған билік беруге болмайды. Қателіктер болады, бірақ олармен сіздің бағытыңыз анықталмайды. Маңыздысы –  қайда бара жатқаныңызды нақты білу", — деді ол.

Аида Әлиева Instagram парақшасында рухани даму, психологиялық жарақаттар, өзін кінәлі сезіну, күш-қуатыңды соратындар мен танымал тұлғалардың психотиптері туралы жиі жазады. 

Іс-шараға БАҚ өкілдерінің қатысуы еркін болғанымен, тілшілерге шектеулер қойылып, кейін жұмысын жалғастыруға рұқсат берілген. Бұған себеп шараға Аида Әлиеваның қатысуы мен университетке қатысты жабық ақпараттарға байланысты болуы мүмкін деген болжам бар. Назарбаевтың келінің шарадағы айтқандары мен кейбір жайттар өзгелерге ұнамаса керек. Журналист әрі блогер Алмат Азади бұл кездесуге қатысты өз пікірін былай жеткізді.

"Өмірлік тәжірибесі мол, қарапайым халықтың мұң-мұқтажын жақсы білетін, даналықтың барлық кезеңінен өтіп, рухани дамудың төрт сатысын меңгерген, ментор әрі рухани ұстаз атағына аз ғана жетпей тұрған Аида Әлиева трансформация мен даму құпиялары туралы жомарттықпен бөлісті. Тыңдаушылар қандай терең ой түйді екен? Мұны тек болжау керек? Бәлкім, енді бағдарламаға "Рухани тереңдік – отбасыдан басталатын ғұрып" деген жаңа пән енгізілер", – деп жазды ол.

Іс-шарада Аида Әлиева ұстамды, бірақ талғаммен үйлестірілген киімімен көзге түсті. Жасанды интеллекттің бағалауынша, оның образындағы элементтер қымбат сән үйлеріннен және жалпы образының бағасы шамамен 2,2 миллион теңгедей болады.

Аида Әлиева – Швейцария мен АҚШ-та білім алған, көпшілік алдына жиі шықпайтын, бірақ қоғам назарынан тыс қалмайтын тұлға. Қазіргі таңда ол жеке блогы, әлеуметтік жобаларымен өзіндік стилі арқылы жеке бренд қалыптастырып келеді.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow