Данияр Елеусіновтің ісі бойынша сот шешімі шықты
Бокстан 2016 жылғы Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновке қатысты үш бірдей жол-көлік оқиғасы бойынша сот шешімі шықты. Боксшы 20 тәулікке қамауға алынып, жүргізуші куәлігінен айырылды, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Данияр Елеусіновке қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралған (ӘҚБтК-нің 608-бабының 3-бөлігі).
Сотта анықталғандай, спортшы алкогольдік масаң күйде автокөлікті басқарып, Астана қаласының көшелерімен автокөлікті басқарып келе жатып үш жол-көлік оқиғасын жасаған.
Жол-көлік оқиғаларының салдарынан көлік құралдарына механикалық зақым және материалдық шығын келген.
"Құқық бұзушының кінәсі іс материалдарымен, оның ішінде медициналық куәландыру қорытындысымен дәлелденді. Аталған қорытындыға сәйкес Е.-де алкогольдік масаңдықтың жеңіл дәрежесі анықталған. Сонымен қатар кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалармен, жол-көлік оқиғаларының сызбаларымен, бейнежазбалармен, оқиғаға қатысушылардың түсініктемелерімен және сотта зерттелген өзге де дәлелдемелермен расталды", – делінген хабарламада.
ӘҚБтК-нің 608-бабының 3-бөлігі бойынша санкция 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алуды және 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыруды көздейді.
"Сот отырысында Е. өз кінәсін толық мойындады. Сот ӘҚБтК-нің 50-бабының 2-бөлігінде көзделген әкімшілік қамақты қолдануға кедергі келтіретін мән-жайларды анықтаған жоқ", - делінген хабарламада.
ӘҚБтК-нің 608-бабы 3-бөлігінің санкциясы баламасыз болғандықтан, сот Елеусіновке 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу және 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жаза тағайындаған.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0