«Денесі адам қарайтындай күйде болған жоқ»: Түркістан облысында жақынынан айырылған отбасы жанақайын айтты

Шілде 31, 2026 - 10:21
chat_bubble  0 visibility  19
«Денесі адам қарайтындай күйде болған жоқ»: Түркістан облысында жақынынан айырылған отбасы жанақайын айтты
фото: видеодан скриншот

Түркістан облысы Түлкібас ауданында қайғылы оқиға болды – марқұмның туыстарының айтуынша, ер адам ауылдастарымен кездесуден кейін пышақ жарақатынан қаза тапқан, деп хабарлайды sadaq.kz "Жетінші арнаға" сілтеме жасап.

Оқиға 19 шілдеде болған. Мейрамхананың бейнебақылау камерасына бес ер адамның бір адамды ұрып-соғып жатқан сәті түсіп қалған.

Туыстарының айтуынша, Маханбет Тұрғанбекті ауылдастары соққыға жығып қана қоймай, кеңірдегіне пышақ сұғып, қансыратып тастап кеткен. Олардың сөзінше, 32 жастағы Маханбет Тұрғанбекке таныстары түнгі сағат оннан бастап он екіге дейін тоқтаусыз хабарласып, кездесуге шақырып, бармасына қоймаған. Бірақ үйден шығып кеткен соң Маханбетпен байланыс үзілген. Тек түнгі бір жарым шамасында ғана суыт хабар жеткен.

"Менің балам қара жерде жатыр, қалғандарының барлығы үйлерінде тамақ ішіп, ойнап-күліп жүр. РОВД-ға өтініш жазам деп барған кезімде мені шақырмады, ит қапса да, милиция келеді, "не үшін қапты?" деп сұрайды, арыстай азамат қайтыс болып отыр, неге келмейді олар? Осы ауылдың балалары, өзінің достары араласып жүрген, осы ауданда бәрі бір-бірін таниды, ауылдық жер кішкентай жер ғой", - дейді марқұмның анасы Бакизат Алтынбекова.

Марқұмның келіншегі арада 11 күн өтсе де, қамауға бір адам алынғанын айтады. Қара жамылған отбасы өзге күдіктілердің әлі күнге дейін ұсталмағанына наразы.

"Денесі адам қарайтындай күйде болған жоқ. Басының бәрін жарып тастаған, аяқ-қолының саусақтарының бәрі сынып, көгеріп, ісіп кеткен. Қолының екі жерінен пышақпен жарақат салынған. Кеңірдегінің үстіңгі жағына да пышақ сұғылған. Күйеуіме екінші рет хабарласқанымда да сол кісілер телефонды көтеріп: "Индира, Махамбет парктің аяқ жағына кетіп қалды, телефоны бізде қалып кетті", - деді.

Мен телефонды үйден алып, далада тапшанға зарядкаға қойғанда қайын ағама "жүріп кетті" деген хабар келді. Бұлар менің күйеуімді ұрып өлтіріп тастап, оның телефонына жауап беріп, бізді: "Қазір барып қалады", - деп алдап отырды", - дейді марқұмның әйелі Индира Көлбай. Марқұмның артында бес баласы мен жары қалған.

Олардың үлкені 11 жаста болса, ең кішісі әлі қырқынан да шықпаған. Маханбеттің жақындары іс әділ тергеліп, қылмысқа қатысы бар барлық адам жазасын алса екен дейді.

Олардың айтуынша, "Кісі өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған, алайда өңірлік полиция департаменті тілшілерге оқиғаға қатысты пікір білдірмеген.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0