Еліміз Ресейдің ықтимал шабуылына дайындалып жатыр деген ақпарат тарады

Сәуір 25, 2025 - 17:03
Еліміз Ресейдің ықтимал шабуылына дайындалып жатыр деген ақпарат тарады
Фото: Pixabay.com

Бірқатар шетелдік БАҚ-та Астана Ресеймен шекарада аумақтық қорғаныс бригадаларының ірі тобын орналастыратыны туралы ақпарат жарияланды. Онда Қазақстан Ресеймен жанжал туындаған жағдайына дайындық шараларын қабылдап жатыр деп жазылған. Бұл - жалған ақпарат, - деп хабарлайды sadaq.kz stopfake.kz-ке сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі бұл ақпаратқа қатысты пікір берді.

"Бірқатар шетелдік БАҚ-та "Аумақтық қорғаныс туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасына қатысты жарияланымдарға байланысты Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі фактілердің бұрмалануы мен жөн-жосықсыз түсіндірулерді болдырмау үшін ресми түсініктеме беруді қажет деп санайды.Бұл заң жобасы тек елдің ішкі қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған және Ресейге қарсы бағытты қамтымайды."Аумақтық қорғаныс туралы" заң жобасы Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік жүйесін жаңғырту шеңберінде әзірленді. Оның мақсаты – ішкі тұрақтылықты қамтамасыз ету, халықты, инфрақұрылым нысандарын және әскери немесе өзге де төтенше жағдайлар кезінде аумақтық тұтастықты қорғау. Аумақтық қорғаныс бригадаларын орналастыру сыртқы қауіптерге жауап ретінде емес, өңірлердің логистикалық, географиялық және демографиялық ерекшеліктерін ескере отырып жүзеге асырылады", – делінген ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Сонымен қатар, ведомствоның хабарлауынша, шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың аумақтық қорғаныс бөлімшелеріне қатысуы көзделмеген. Заңның қабылдануы кез келген елге қарсы емес және белгілі бір бағыттағы қауіптің көрінісі ретінде қабылданбауы керек.

"Ресей – ҰҚШҰ, ТМД, ШЫҰ және Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде тату көршілік және одақтастық қатынастарды қолдайтын Қазақстанның стратегиялық серіктесі. Осылайша, Қазақстан Республикасының "Аумақтық қорғаныс туралы" заң жобасының Ресейге қарсы бағыттылығы туралы мәлімдеме шындыққа жанаспайды, әрі болып жатқан процестердің мәнін бұрмалайды. Азаматтар мен БАҚ-тан БАҚ-та және әлеуметтік желілерде пайда болатын түрлі қауесеттерге назар аудармай, тек ресми ақпарат көздеріне сенуін сұраймыз", – деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігі.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow