Елімізде декреттік төлемдер азайтылды

Енді бірде бір ана, қанша жерден жоғары жалақылы жұмыс істесе де үлкен көлемде төлем ала алмайды.

Мамыр 5, 2025 - 10:19
Мамыр 5, 2025 - 11:10
Елімізде декреттік төлемдер азайтылды

Енді бірде бір ана, қанша жерден жоғары жалақылы жұмыс істесе де үлкен көлемде төлем ала алмайды.

Мемлекет әйелдердің бала тууына байланысты берiлетiн бiр жолғы мемлекеттік жәрдемақы төлеу ережесiн өзгертті, деп хабарлады инбизнес.кз. 

Жас босанған бірнеше ананың үстінен "Алаяқтық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғауға қол жеткізе алғаннан кейін шенділер "декреттік" төлемдерді тағайындау тәртібін түбегейлі қайта қарауға кірісті.

Заң бойынша миллиондаған теңге жоғары жалақы алатын топ-менеджерлер, басшылық лауазымдағы әйелдер және бизнесвумендер тиісінше, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘСҚ) сол табысынан ай сайын көп көлемде әлеуметтік жарна аударады. Мұндай жарнаны жұмыс істейтін барлық нәзік болмыс иелері қорға төлейді.

Бұған дейін ондаған жылдар бойы қолданыста болып келген Жүктілікке және босануға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдерді тағайындау, жүзеге асыру, тоқтата тұру, қайта есептеу, қайта бастау, тоқтату қағидаларына сәйкес, орасан зор жарна аударған айымдарға өмірге бөбек әкелгенде қомақты – 9 миллион теңгеге дейін "декреттік" төлем алуға мүмкіндік берілді.  

Алайда 2025 жылғы 8 сәуірден бастап, бала туу үшін берілетін бір жолғы төлемақыны есептегенде, орташа айлық табыс ретінде енді тек 7 ең төменгі жалақыға дейінгі табыс қана есепке алынатын болады. Бұл 2025 жылы 595 мың теңгеге тең.

"Декреттік төлемнің көлемін айқындауда бірнеше жұмыс орнында істеген алушының барлық жұмыс орны бойынша әлеуметтік төлемдері, әрине, ескеріледі. Алайда ақырғы төлемнің көлемі бәрібір еңбекке жарамсыздық күндері коэффициентіне көбейтілген 7 ЕТЖ мөлшерінен аспайды. Мәселен, бала туған ананың бұған дейінгі ай сайынғы табысы бір жұмыс берушісі бойынша 100 мың теңге, екіншісінде – 120 мың теңге, үшіншісінде – 85 мың теңге болса, оның жалпы 305 мың теңге табысы ескеріледі. Бір жолғы төлем көлемі 1 281 000 теңгені құрайды", – деп мәлім етті қордың баспасөз қызметі.

Егер ана сәби сүйгенге дейін екі не одан көп орынның әрқайсысынан 500 мыңнан не 1 миллион теңгеден жалақы алып келсе, төлем төлеу үшін бәрібір тек 595 мың теңге табысы ғана есептеледі. Осылайша, бірнеше жерде немесе жоғары жалақылы лауазымда істейтін аналар бір жұмыс орнында еңбек ететін және 595 мың теңгеден аспайтын табыс табатын аналармен теңестірілді.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow