Еліміздегі «жасыл сутегі» өндіретін кешен іске қосылды

Желтоқсан 20, 2025 - 11:58
Желтоқсан 30, 2025 - 11:58
 0  7
Еліміздегі «жасыл сутегі» өндіретін кешен іске қосылды

Қазақстанның жоғары білім және ғылым саласында Nazarbayev University (NU) алдыңғы қатарлы оқу орны ретінде белгілі.  2025 жылдың соңына қарай университеттің ғалымдары мен зерттеушілері бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асырып отыр. Олардың арасында суперкомпьютердің іске қосылуы, ауыл шаруашылығы қалдықтарынан дәрі-дәрмек жасау және Қазақстандағы алғашқы «жасыл сутегі» өндіретін станция бар. Бұл жетістіктер өз кезегінде елдің ғылыми әлеуетін күшейтіп қана қоймай, экологиялық тұрақты дамуға үлес қосары сөзсіз.

Жақында БАҚ өкілдерін шақырып, аталмыш оқу орнының мамандары жасап жатқан жобалармен таныстырған еді. Таныстыру барысында біраз жобаның жасалып жатқанына көз жеткіздік.

Irgetas суперкомпьютері

Жақында аталмыш оқу орны Қазақстандағы есептеу қуатын жаңа деңгейге көтеретін суперкомпьютерін таныстырды. Жоба – Irgetas деп аталады. Айпақшы, университет бұған дейін тура осындай екі бірдей қуатты суперкомпьютер орнатқан еді. Алайда бұл ол екеуінен кемі 40 есе қуатты болып отыр. Ол өз кезегінде әртүрлі зерттеулерге жол ашып отыр.

NU физика профессоры Сергей Бубиннің айтуынша, қазірдің өзінде оқу орнынын профессорлары түрлі күрделі есептеулер шығарып, түрлі сынақтар жүргізіп жатыр.

«Irgetas суперкомпьютері бір ғана нақты міндет үшін жасалмаған – бұл жалпы кең көлемді қолдану жүйесіне арналған. Бүгінде ғалымдарымыз бен аспиранттар, студенттер, әр саладағы зерттеушілер суперкомпьютерге қосылып, тың жұмыстар атқарып жатыр. Яғни бұл жүйе университеттің ғылыми қауымдастығына күрделі есептеулерді жылдам орындауға мүмкіндік ашып отыр. Нақты айтар болсақ, физика, биология, климаттық модельдеу немесе жасанды интеллект салаларындағы қиындықтар артта қалып отыр. Жалпы Irgetas машинасының енгізілуі Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымын күшейтеді. Бұрынғы суперкомпьютерлерге қарағанда, ол энергия тиімділігі жоғары және ауқымды деректерді өңдеуге қабілетті. Университеттің эндаумент-фонды NU&NIS Foundation-ның қолдауымен қаржыландырылған бұл жоба елдің ғылыми ортасын халықаралық деңгейге шығаруға көмектеседі. Алдағы жылдары Irgetas ұлттық жобаларда, мысалы, климат өзгерістерін болжау немесе медициналық зерттеулерде қолданылады деп күтілуде», - дейді ол.

Қалдықтар дәріге айналып жатыр

Айтпақшы, аталмыш оқу орнының мамандары ауыл шаруашылығы қалдықтарынан дәрі-дәрмек өндіру ісін жолға қойып отыр. Олар өткізгіш реакторларды қолдана отырып, ауыл шаруашылығы қалдықтарынан екі түрлі дәрі-дәрмек алуға қол жеткізіп отыр. Бұл препараттар гипертония және ісікке қарсы қолданылады. Шикізат ретінде күріш қауызы мен жүгері сабақтары пайдаланылады.

NU докторанты Макпал Рахатқызының сөзіне сүйенсек, бұл да сол Nazarbayev University-дің жаңартылатын энергия көздері зертханасында жұмыс істейтін ғалымдардың төл еңбегі.

«Бұл жобаға біз үш жылға жуық уақыт жұмсадық, алдағы жоспарларда дәрі-дәрмектердің тізімін 30-ға дейін кеңейту бар. Біздің зертханада өндірілетін препараттардың басты ерекшелігі – олар биомасса негізінде алынады, ал көптеген фармацевтикалық компаниялар мұнай-химиялық өнімдерді қолданады. Бұл әдіс экологиялық тұрғыдан таза, өйткені ауыл шаруашылығы қалдықтары қайта өңделіп, қоршаған ортаға зиян келтірмейді.Жоба Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін көрсетеді. Елде жыл сайын миллиондаған тонна күріш қауызы мен жүгері қалдықтары шығарылады, олар әдетте жойылады немесе энергия өндіруге қолданылады. NU ғалымдарының инновациясы бұл қалдықтарды жоғары құнды өнімдерге – дәрі-дәрмектерге айналдырады», - дейді ол.

Зертхана маманы Батыр Қайшаның айтуынша, бұл әдіс фармацевтика саласын тұрақты етеді және импортқа тәуелділікті азайтады.

«Зертхана алдағы жылдары клиникалық сынақтар өткізіп, өндірісті өнеркәсіптік деңгейге шығаруды жоспарлап отыр», - дейді ол.

Қазақстандағы алғашқы «жасыл сутегі» станциясы

Тағы бір маңызды жобаның бірі  - еліміздегі «жасыл сутегі» өндіретін алғашқы кешенді станцияның іске қосылуы болып отыр. Nazarbayev University қабырғасындағы бұл жаңалық әзірше пилоттық жоба ретінде іске асып отыр. Соған қарамастан қондырғы толық циклде жұмыс істейді және тек күн панельдері мен жел генераторларынан қуат алады.

Станцияның жұмыс принципі қарапайым, бірақ инновациялық: күн және жел энергиясы электр энергиясына айналып, ол су электролизіне жұмсалады. Алынған сутегі энергия тасымалдаушы ретінде сақталып, кейін жанармай элементтерінде, көлікте, автономды генераторларда, тыңайтқыш өндірісінде, металлургияда немесе мұнай-газ секторында қолданылады. Қазір өндірілген сутегі зертханалық мақсаттарға пайдаланылады: қондырғы үш сағат ішінде 6 текше метрлік баллонды толтыра алады.

Сутегі өндіру тобының жетекшісі, доктор Ерболат Мағазовтың айтуынша,  бұл – университет пен елдегі ғылыми орта үшін аса маңызды жаңалық болып отыр. 

«Бұл еліміздегі жаңартылатын сутегіні өндіруге арналған алғашқы ірі жүйелердің бірі. Әрі ол отандық инновациялардың нақты мүмкіндігін көрсетеді. Ең бастысы, экологиялық мәселелерді шешеді. Сондай-ақ,  «жасыл сутегі» станциясы таза энергияның жаңа дәуірін ашады. Қазіргі қондырғы – ел аумағында кеңінен қолдануға болатын жүйенің шағын үлгісі. Мұндай технологиялар Қазақстанға таза ауа, экологиялық қауіпсіздік және экономикалық өсім әкеледі», - дейді ол.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0