Германия архиві: Путин 1994 жылы Қырым мен Қазақстанның солтүстігіне көз алартқан

Ресей президенті Владимир Путиннің Қырымға, Украинаның шығысы мен Қазақстанның солтүстігіне аумақтық талаптары осыдан 30 жыл бұрын-ақ белгілі болған. Бұл туралы Германияның сыртқы істер министрлігінің архив құжаттарына сүйеніп, немістің Der Spiegel журналы жариялады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
2025 жылы 21 шілдеде Мюнхендегі Заманауи тарих институты Германия сыртқы саясатына қатысты құжаттар жинағының кезекті томын шығарды. Бұл жинақтың бір бөлігі 1994 жылдың алғашқы жартыжылдығына арналған.
Жинақпен танысқан Der Spiegel тілшілерінің жазуынша, сол кездегі Санкт-Петербургтегі Германияның бас консулы Эберхард фон Путткамердің жазбаларында Владимир Путиннің Украина мен Қазақстанға қатысты аумақтық талаптары ашық айтылған.
1994 жылдың 14 қаңтарында неміс дипломаты жазған жазбада Путиннің Қырым, Украинаның шығыс бөлігі және Қазақстанның солтүстігі жайлы пікірлері келтірілген:
"Путиннің айтуынша, Қырым, Шығыс Украина және Қазақстанның солтүстігі Ресей үшін ешқашан шетел болып есептелмеген, керісінше олар әрдайым Ресей жерінің ажырамас бөлігі болған. Бірде-бір орысқа осы жерлердің қазір бөлек мемлекет екенін түсіндіру мүмкін емес", – деп жазған Эберхард фон Путткамер.
Путин бұл аумақтарға деген талаптардың астарында орыстардың ұлттық сезімі бар екенін, ал мұны немістердің түсінуі қиынға соғатынын жеткізген.
Жазбада Путиннің Украина мен Қазақстандағы орыстардың әлеуметтік-экономикалық жағдайына қатысты алаңдаушылығы да айтылады. Путин сол кезде Украина мен Қазақстандағы орыс диаспорасының әлеуметтік жағдайы жақсы болғанда ешқандай мәселе туындамас еді деп мәлімдеген. Бірақ, оның пікірінше, бұл елдердегі жағдай ресейлік ұлтшыл саясаткерлердің, соның ішінде Владимир Жириновскийдің қолына су құйған.
"Батыс елдері Ресей мүддесін қайта жанданып жатқан империализм ретінде қабылдауы қате әрі негізсіз", – деген пікірін білдірген Путин.
Ашық дереккөздерге сәйкес, Эберхард фон Путткамер 1991–1995 жылдары Санкт-Петербургте Германияның бас консулы қызметін атқарған, 2019 жылы дүниеден өткен.
Сіздің реакцияңыз қандай?






