Қанқасапқа ұласқан үш жыл немесе Ресейдің 5 жеңілісі...

Бүгін импершіл Ресейдің әскери-саяси билігінің бейбіт жатқан Украинаға соғыс ашқанына үш жыл толды. Ресейдің басқыншылық соғысына тұп-тура үш жыл...
Алғашқыда: «Киевті үш күнде аламыз» деп алаулатып-жалаулатып, атойлаған Ресей әскерінің әуселесі осы үш жылда әбден әшкере болды. Осы үш жылда әлем жұртының назары Киевке ауды. Жаһандық геосаяси карта қаққа бөлінді. Есті жұрттар басқыншы-агрессормен жан аянбай күресіп жатқан Украинаны жақтаса, идеологиялық һәм экономикалық мүдделестер саналатын кей мемлекеттер Ресейдегі режимді қолдады. Әрине, соңғыларының қатары сирек, десе де мүлде жоқ емес...
Сонымен, бұл үш жылда Украина «әлемнің екінші әкерімен» қалай күресті? Тұтас соғыстың хронологиясын тізбелер болсақ, бір мақаланың шеңберіне сыймасы анық. Оның үстіне, соғыстың адами һәм материалдық шығындары нақты есептеліп, қорытындыланған жоқ. Сондықтан, «Украинаның осы үш жылдағы өрлігі мен ерлігі» деген тақырып төңірегінде басты фактілерге назар бұруды жөн санадық...
КИЕВ ҮШ КҮНДЕ АЛЫНБАДЫ
Ресей толық масщтабты соғыс бастағанда Мәскеу жақтағы саяси-әскери тұлғалар: «Киевті үш күнде аламыз», - деп алашапқын болған. Тіпті, сол бір күндері шешенбасы Рамзан Қадыров Киевке бірінші болып ту тігуге асығып, тұтас элиталық әскерін қырып алғаны да бұлтартпас факт!
Бірақ... Бірақ Ресейдің дегені болмады. Киев құлаған жоқ. Зеленский елден кеткен жоқ.
СОҒЫСТЫҢ АЛҒАШҚЫ КҮНДЕРІ
Украина президенті Зеленскийге Батыстық лидерлер Киевтен кетуге кеңес бергені белгілі. Бірақ, Зеленский табандап отырып, Киевтен кеткен жоқ. Ресей әскері Киевке жеткенде де Зеленский шегінбеді. Украина Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Даниловтың айтуынша: Ресейдің басқыншылығы түнгі 03:40-та Луганскі облысының аумағынан басталған. Ал сағат тілі таңғы 5-ті көрсеткенде, шабуыл барлық аумақты қамтып үлгерген.
ЗЕЛЕНСКИЙДІҢ АЛҒАШҚЫ СӨЗІ: «КҮРЕМЕСІЗ!»
«Біз әуелде шабуыл Донецкі және Луганскі аумақтарында ғана болады деп ойладық. Ресей билігі аталған аумақтарды осылай заңдастырмақ деп түсіндік. Ал таңғы 5-ке таяу шабуыл тұтас Укаринаға жасалғанын білдік. Біз алып-ұшып президентке бардық. Президенттің сондағы айтқан алғашқы сөзі: «Күресеміз!», - болды. Қауіпсіздік кеңесін шұғыл жинап, жоспар құрылды.
Елде «әскери режим жариялау» туралы Жоғарғы Рададағы партия басшыларына ұсыныс жасағанда, әр фракция құжатты мұқият қарап жатты. Сонда Зеленский: «Бүгін мына құжаттың үтіріне шұқшиып отырсыңдар, ертең мүлде басқа құжат қабылдауға туралы келеді», - деп мәселені төтесінен қойды.
Соғыстың алғашқы күндері президент Зеленскийді өлтіру үшін Киевке бірнеше арнайы жасақ кіргізілген. Батыс лидерлері Зеленскийге Киевтен кетуге ұсыныс жасап, қауіпсіз дәліз жасап беруді айтты. Бірақ, президент Киевтен кетпейтінін, соңына дейін күресетінін айтып, отырып алды. «Мен де адаммын. Өлгім келмейді. Бірақ, менің Киевтен кетуім – менің өлгенімді білдіреді! Маған оданда қару беріңдер», - деді Зеленский», - дейді Алексей Данилов.
РЕСЕЙДІҢ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЖЕҢІЛІСТЕРІ
Сонымен, Киев үш күнде алынбады. Зеленский Киевтен кетпеді. Ресей бұл соғыста бірсыпыра стратегиялық ұтылысқа жол берді. Сәйкесінше, бұл Укаринаның ерлігі мен күрескерлігін көрсететін фактілерге айналды!
Бірінші: Ресей Украинаға соғыс ашқанда Киевті НАТО-дан, НАТО-ны Ресей шекарасынан алыстатудан бөлек, бірқатар саяси мақсаттарды көздеген. Олар: «Украинаны қарусыздандырамыз», «құқай көрген орыс тіліне қайта күш алып береміз», «Киевте билікті өзгертеміз» т.б. деген мақсат қойды. Бұл мақсаттар орындалған жоқ.
Украина әскері керісінше Батыстық қару-жарақ, техникалармен күшейтілді. Украина әскері НАТО стандарттарына сай арнайы даярлықтан өткізілді. Украина армиясы жаңа батальондармен, әскери бөлімшелермен толықты. Укаринаның жеке және бірлескен әскери өндірісі қарқын алды. Украина балистикалық зымыран өндірісін қайта жолға қойды. FPV-дрондар өндірісін, артиллериялық кешендер өндірісін іске қосып, «Паляница», «Пекло», «Рута» секілді алыс-жақын қашықтыққа жететін зымырандарды сынақтан сәтті өткізді. Украина әскері әлемдік әскери ретингте бірнеше сатыға көтерілді. Бұл туралы кеше президент Зеленский: «Укарина әскері қазір Еуропадағы ең мықты әскер болып тұр», - деп сөйледі.
Ресейдің басқыншылық соғысы кері эффект тудырды. Қазір Укарина – украин тілді мемлекетке айналды!
Ал Медвечук секілді Ресейбасы Путинге жақын саяси тұлғалар, елден шығарылды. Тіпті, Медвечук қамалғанда, Кремль араша түсіп, басын саудаға салып, тұтқын алмасу жасап, Ресейге алдыртты.
Екінші: Ресейдің Қара теңіз флоты талқандалды. Ресейдің Қара теңіз флоты – әлемдегі ең қуатты әскери флоттардың бірі еді. Украина оны талқандай білді. Шешгіндірді. Атақты «Мәскеу» флагманы суға кетті.
Үшінші: Ресей әскерінің шын мәніндегі қауқарын әшкереледі. Атап айтқанда: Ресей өзінің жаңа тарихында (КСРО-дан кейінгі) мобилизация жариялауға мәжбүр болды. Және бір емес, бірнеше кезек мобилизация жасалды. Кремльдің Ресей түрмелеріндегі тұтқындарға, Ресейге нан-пұл табуға барған еңбек мигранттарына күні қарады. Оларға ақылы шарттар ұсынып, майданға жіберуге мәжбүр болды.
Ресей мәжбүрліктен Солтүстік Корейден әскер сұрады. Пхенянға, Тегеранға қол жайып, қару-жарақ пен техника сұрады. Солтүстік Корейдің көмекке жіберген 12 мың әскері де Ресейді жеңіске жақындата алмады. Керісінше, Курскі шайқастарынан шегінуге тура келді. Ким Чен Ынның мыңдаған әскері майдан даласында қырылып қалды.
Төртінші: Ресей жерінен айырылды. Иә, соңғы 80 жылда, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Украина алғаш болып, Ресей жеріне басып кірді. Курскі облысының едәуір бөлігі әлі күнге дейін Украина бақылауында қалып отыр. Украина әскері Ресейдің шекара шебінде жатқан Курскі облысының аумағына 2024 жылдың 6 тамызында әскер бастап кірді. Ал 15 тамызға дейін Курскі облысында ұзын-саны 1000 шаршы шақырым жер Украина бақылауына өтіп үлгерді.
2024 жылдың аяғына қарай, Ресей қарсы шабуылдар ұйымдастырды. Курскіні қорғау үшін қосымша әскер мен техникалар жіберді. Нәтижесінде, 40 пайызға жуық аумақты қайтара алды. Десе де, күні бүгінге дейін Ресей Украинаны Курскіден ығыстырып шығара алған жоқ.
Соғысты дипломатиялық реттеуде Курск облысы басты көзір болмақ. Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский айтты. Зеленский: «Біз соғыстың аяқталуын дипломатиялық реттеуге қол жеткізгенде, Курск бағытында ресейліктердің Украинаға қандай дәрмен жасайтынын көре алатын боласыздар. Украина әскері Курскі облысындағы жағдайды тұрақты ұстап отыр. РФ әскері үлкен шығынға ұшырап, қарсыласу қауқары төмендеді. Көмекке шақырған Солтүстік Корей әскері тым-тырақай қашуда», - деді.
Зеленскийдің пікірінше, Ресей әскері Украина күштерін жақын арада Курскіден күштеп, түре қуып шыға алмайды.
Кей деректерге көз жүгіртсек, қазір Ресей Украинаның Луганскі облысының ғана аумағын толықтай өз бақылауына алған. Қалған аумақтарда қызу шайқастар жүріп жатыр. Олардың кей бөліктері Ресей бақылауында болғанымен, бұл бақылау толықтай емес.
Бесінші: Экономикалық қысым. Ресей бұл соғыста жүзедеген мың адамынан ғана айырылған жоқ. Халықаралық қауымдастықтың экономикалық тепкісіне де ұшырады. Ресейдің шетелде бұғатталған 300 млрд долларға тең активтерін айтпағанда, кезек-кезек санкциялар Ресей экономикасын әжептәуір шайқалтты. Ресейдегі әскери өндірістен өзгесі – өлім аузында десек жаңылыспаймыз. Бұған Украинаның Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттары мен мұнай қоймаларына, стратегиялық нысандарға дүркін-дүркін шабуылдарын және қосыңыз... Бұл да Ресейдің стратегиялық жеңілістеріне жататын факт.
УКРАИНА КӨРГЕН ҚАНҚАСАП
Украина бұл соғыста сөзсіз жеңді деп те айта алмайсыз. Украина жерінен айырылды. Кей деректерде, Ресей бақылауындағы аумақтар көлемі 20 пайызға жуықтайтынын айтады. Тұтастай қалалар жермен-жексен болды.
2014 жылы аннекцияланған Қырымды сөз етпегенде, Донецкі, Луганскі, Херсон, Запорож облыстары қызу шайқастар жүріп жатқан аумақтар. Харьковтен Ресей әскері шегіндірілді десек те, Укаринаның Киевке дейінге қалалары Ресейдің шабуылы астында қалып отыр. Шекара түбіндегі Сумкі облысы күн сайын соққы көруде.
Украина ішінде 3,6 млн адам көшіп-қонып жүр. Шетелге кеткен халық саны 6,9 млн адам. Оның 6,3 млн адамы Еуропада жүр. 1,2 млн адам әлеуметтік көмекке мұқтаж. Коммуналдық шаруашылққа келген зиян 3,6 млрд долларға жеткен. Мыңғы жуық жылу қазандығы, 200-ден аса жылыту пункіті, 354 шақырым жылу желісі бүлінген. Транспорттық инфрақұрылымға келтірілген шығын 38,5 млрд долларға жетеді. Бұл адам шығынын, қираған, бүлінген, тұрғын үй секторы мен көліктерді, техникаларды айтпағандағы бірлі-жарым сандерек.
Түйін. АҚШ-тың жаңа саяси басшылығы (Трамп пен оның командасы) осы үш жылға жалғасқан қанқасап соғысты тоқтататынын айтуда. Украина тарабы да, биыл атыс тоқтап қалуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Десе де, Украинаға керегі – соғыстың уақытша тоқтауы емес, біржола бейбітшілік орнату.
Бұл соғыста, Украинада жеңіс те, жеңіліс те бар. «Әлемнің екінші әскері», «ядролық держава» деп әспеттеліп келген армия басқыншылық соғыспен ел астанасына жеткенде, Украинаның жауға берілмей, аман қалуына басты себеп болған екі фактор бар. Біріншісі – Украинаның сол сәттегі әскери-саяси басшылығының табандылығы. Екіншісі – Украинаның ержүрек, жанкешті, Тәуелсіздік үшін аяғына дейін баратын күрескер халқы!
Сіздің реакцияңыз қандай?






