Қарағандыда бір топ жасөспірім оқушы қызды аяусыз сабаған
Қарағандыда бір топ жасөспірім кәмелетке толмаған оқушы қызды жабылып сабап кеткен. Жәбірленушінің анасы жасөспірімдердің қызына еш себепсіз шабуыл жасағанын айтты. Бұл туралы Sadaq.kz сайты Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Қарағанды тұрғыны Надежда Кошель қызы Арина Кошельдің аяусыз соққыға жығылғанын айтып, әлеуметтік желіде видео жариялады. Ол еліміздің Бас прокурорына, ішкі істер министріне және президент әкімшілігіне үндеу жасап, жантүршігерлік жағдайды өз бақылауына алуды сұрады.
“Бұл жағдай 12 шағынауданда 2026 жылы 16 ақпанда сағат 18:00 шамасында болды. Бір топ жасөспірім менің қызымды аяусыз соққыға жықты. Олар қызыма еш себепсіз, дау-жанжалсыз шабуыл жасады. Бұл қасақана балаға зорлық-зомбылық көрсету. Онымен қоймай мұнысын видеоға түсірген. Бұл әрекеттің саналы түрде және әдейі қорлау үшін жасалғанын көрсетеді. Алайда ол бейнежазба әлі маған көрсетілген жоқ. Бұл тергеудің ашық әрі жан-жақты өтіп жатқанына күмән тудырады”, – деп жазды қыздың анасы.
Айтуынша, Арина қазір балалар ауруханасында ем алып жатыр. Ол қызының тек физикалық түрде ауыр жарақат алып қана қоймай, психологиялық тұрғыдан да жап шекті деп отыр. Сондай-ақ қыздың қатты қорқып, стрессте жүргенін және психологиялық көмекке мұқтаж екенін айтты.
Надежда Кошель оқыс жағдай болған кезде мектеп әкімшілігі мен басшылығының қайда қарап отырғанын білгісі келеді. Сонымен қатар ол бастапқы тергеу шаралары тиісті деңгейде жүргізілмеді деп есептейді. Тергеудің объективтілігі мен толықтығына қатысты күмәні барын да жасырмады.
Қыздың анасы өзінің нақты талаптарын атады:
- Істі дереу, жан-жақты және объективті түрде тергеп-тексеру;
- Оқиғаға қатысты бейнежазбаны алып, оны іс материалдарына тіркеу;
- Мектеп әкімшілігінің және өзге де кінәлі тұлғалардың әрекеттеріне (немесе әрекетсіздігіне) қолданыстағы заңнамаға сәйкес құқықтық баға беру;
- Тергеу барысы мен нәтижелері туралы отбасын ресми түрде хабардар ету.
Қыздың анасы болған жағдайға қатысты полицияға арыз түсірген. Полиция кәмелетке толмағанға қатысты заңға қайшы әрекет фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
“Алты кәмелетке толмаған жасөспірімдер анықталып, бөлімшеге жеткізілді. Алдын ала мәлімет бойынша, күдіктілер жәбірленушіге бұзақылық ниетпен қасақана дене жарақатын салған. Атап өтеміз: мұндай құқыққа қарсы әрекеттерге жол берілмейді және олар қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Алғашқы тергеу жұмыстарының нәтижесінде жанжалды бастаған кәмелетке толмаған бозбала мен қыз уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаға қатысқан өзге тұлғалардың әрекеттеріне тергеу аясында құқықтық баға беріледі”, – деп мәлімдеді полиция.
Сондай-ақ ведомство кәмелетке толмағандардың ата-аналарына балаларды тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік шаралар қолданылатынын атап өтті.
“Оқиға кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу жөніндегі кеңесте де қаралады. Тергеу аяқталғаннан кейін кінәлілерді арнайы білім беру ұйымына жіберу туралы шешім қабылданды”, – делінген хабарламада.
Полиция департаменті жасөспірімдер арасындағы агрессия, қорлау және буллингке қатаң тоқтау қойылатынын және мұндай әрекеттерге қатысқандар жауапкершіліктен босатылмайтынын ескертті.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0