Шұғыл: Қайрат Сатыбалды мерзімінен бұрын бостандыққа шығатын болды
Мемлекет басшысынан кешірім сұраймын.
Қайрат Сатыбалдыұлының жазасы өзгеретін болды. Өскемен қаласының №2 соты сотталған Қайрат Сатыбалдының жазасының өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру туралы өтінішхатын қарады.
Сот үкімімен Сатыбалды ҚК-нің 28-бабы 3-бөлігімен, 189-баптың 4-бөлігі 2) тармағы (сеніп тапсырылғанның мүлкін жымқыру), 28-баптың 3-бөлігі, 195-баптың 2-тармағы (ұрлық жасау мақсатынсыз залал келтіру) бойынша мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызмет атқару құқығынан 10 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталған.
Қайрат Сатыбалды өзінің өтінішхатында жазасының өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру туралы өтінішхатын беру үшін заңның барлық талаптарын орындағанын атап өтіп, жалпы сомасы 700 млрд. теңгеден астам мүлікті және өзге де қаражатты өз еркімен мемлекетке қайтарғанын айтқан.
"Кез келген азамат үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік болуға тиіс. Халқымызда сөз бар, "жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды" деген. Мен жасаған қателіктерімді мойындаймын.
Маған қатысты қылмыстық іс бойынша мен органдарға көмектесіп, бүкіл заңсыз қаржыны қайтарып жатырмын.
Елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару – елдің ырысын өзіне қайтару деп білемін.
Бұл – Мемлекет басшысы қабылдаған маңызды шешімдердің бірі. Мұндайды көрген соң, ендігі жерде ешкім елдің ырысын сыртқа шашпайды.
Мемлекетімізде соңғы жылдары болып жатқан оң өзгерістерді көріп-біліп отырмын. Осындайда бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып бірге жұмыс істеуіміз керек.
Мен Президентіміздің жүргізіп отырған саясатын толықтай қолдаймын.
Заңсыз капиталдың бәрі – тиынына дейін елге қайтарылып, заң мен тәртіп болуға тиіс!
Халықтан, кезінде тізем батқан, ақысына кірген адамдардан және Мемлекет басшысынан кешірім сұраймын.
Осыған дейін барлық істеген іс-әрекеттерімді саралауға, ой қорытуға уақыт жеткілікті болды. Жіберген қателігімді және кінәмді толықтай мойындай отырып, істеген ісіме өкінемін. Тергеу орындарымен бірлесіп жұмыс жүргізілді. Заңсыз жолмен иемденген активтерді толықтай қайтару қажет болды. Оның барлығы қайтарылып та жатыр.
Мемлекет басшысының заңсыз активтерді мемлекетке қайтару ісі бойынша жүргізіп жатқан саясатын толықтай қолдаймын. Менің істеген ісім басқаларға дұрыс шешім шығару үшін сабақ болады деп ойлаймын. Ағаттық істеп, ренжіткен адамдардан кешірім сұраймын", деп атап өткен Қайрат Сатыбалды.
Прокурор Сатыбалдының өтінішхатын қанағаттандыруды сұрап, оны соңғының жазаны ауыстыру үшін барлық шарттарды орындағанымен, сондай-ақ мемлекетке өз еркімен өзге де мүлікті бергенімен негіздеді.
ҚК-нің 73-бабы ауырлығы орташа қылмыстар немесе ауыр қылмыстар үшін сотталған адамды жазаның өтелмеген бөлігінің қалған бөлігін мынадай жағдайларда неғұрлым жеңіл жаза түрімен алмастыру мүмкіндігін көздейді:
- жаза мерзімінің кемінде 1/3 бөлігін өтегеннен кейін;
- келтірілген залал толық өтелген жағдайда;
- не жазаны өтеу тәртібін қасақана бұзушылықтардың болмауы.
Сатыбалды орташа ауыр қылмыс және ауыр қылмыс жасаған. Ол жазаның 1/3 бөлігінен астамын өтеген.
Түзеу мекемесінің әкімшілігі сотталғанды оң сипаттайды, тәрбие іс-шараларына белсенді қатысқаны үшін көтермеленеді, сотталғандарды ерікті түрде ұйымдастырудан тұрады.
Қылмыспен келтірілген залал толығымен өтелген. Сот үкімімен өндіріп алынған сомалар (іс жүргізу шығындары, мәжбүрлі төлем) төленген.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде сот сотталушының өтінішхатын қанағаттандырды және бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның өтелмеген бөлігін 3 жыл 3 ай 7 күн мерзімге бас бостандығын шектеуге ауыстырды.
Сатыбалдыға пробациялық бақылау белгіленді. Тұрақты жұмысы болмаған жағдайда сотталған жазаны өтеудің барлық мерзімі ішінде жыл сайын 100 сағаттан мәжбүрлі еңбекке тартылады.
Сот қаулысымен оған мынадай міндеттер жүктелген: Соттың қаулысы тұрғылықты жері бойынша пробация қызметіне заңды күшіне енген күннен бастап 10 күн ішінде есепке қою үшін келу, сотталған адамның (пробация қызметінің) мінез-құлқын бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органды хабардар етпей тұрақты тұрғылықты жерін, жұмысын, оқуын ауыстырмау, басқа да міндеттерді орындау сотталғанды түзеуге және оның жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алуға ықпал етеді.
Міндеттерін орындамаған жағдайда бас бостандығын шектеу бас бостандығын шектеудің бір күні үшін бас бостандығынан айырудың бір күні есебінен бас бостандығынан айырумен ауыстырылатыны түсіндірілді.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ және шағым жасалуы, прокурордың өтінішхаты келтірілуі мүмкін.
Сіздің реакцияңыз қандай?