Қазақ спортшысы Сауд Арабиясында ұсталды
Сергей Веселов – Шығыс Қазақстан облысының бірнеше дүркін чемпионы, пауэрлифтингтен әлем чемпионатының жүлдегері және Азия чемпионы.

Сауд Арабиясында спортшы Сергей Веселов ұсталды деген ақпарат тарады.
Сергей Веселовтың әкесінің айтуынша, ұлы 19 маусымда Астанадан Ыстанбұлға демалуға ұшып кеткен. Сол күннен бастап бір аптадай туыстарымен байланыста болған, кейін байланыс үзілген. Іздеуді бастаған әкесі ұлының Мединеде екенін анықтаған. Бірақ оның не себепті сонда барғанын туыстары білмейді.
«Қазіргі уақытта оның тірі екенін білдік. Тергеуде жатыр. Бірақ бізге қай бөлімшеде отырғаны және қандай бап бойынша айыпталып жатқаны айтылмады. Консул уақыт қажет дейді. Консулдың айтуынша, ұлым Сауд Арабиясында, Мединеде», – дейді жігіттің әкесі.
Спортшының ұсталғанын СІМ өкілдері де растады.
«Оны құқық қорғау органдары ұстады. Қазір ол Мединеде. Әзірге оған айып тағылған жоқ. Біз мән-жайды анықтап жатырмыз», – деп хабарлады Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі.
19 жастағы Сергей Веселов – Шығыс Қазақстан облысының бірнеше дүркін чемпионы, пауэрлифтингтен әлем чемпионатының жүлдегері және Азия чемпионы.
Сіздің реакцияңыз қандай?






