Қазақстанда криптокарталар мен криптобанкоматтар іске қосылатын болды

Қазан 10, 2025 - 09:33
Қазан 10, 2025 - 10:00
Қазақстанда криптокарталар мен криптобанкоматтар іске қосылатын болды

Жақында Қазақстанда криптотөлемдер жүйесі іске қосылады.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, азаматтар криптобиржалар, криптобанкоматтар және арнайы криптокарталар арқылы төлем жасай алады.

Бұл елдегі қарқынмен дамып келе жатқан криптонарыққа бақылау жүргізу мақсатында қолға алынып отыр. 

Бүгінде Қазақстан толыққанды криптонарықтың негізін қалайтын бірқатар жаңа бастамалар қолға алуда. Жақын уақытта ұлттық юрисдикция аясында криптоайырбастар іске қосылып, криптобанкоматтар жұмыс істей бастайды. Сондай-ақ криптокарталар шығару бастамасы жүзеге асырылады, – делінген министрліктің ресми хабарламасында.

Қазір Ұлттық банк тарапынан “реттеуші құмсалғыш” деп аталатын ерекше бақылау тетігі жұмыс істеп тұр. Ол инновациялық қаржы шешімдерін шектеулі әрі бақыланатын құқықтық ортада сынақтан өткізуге мүмкіндік береді.

Министрлік сондай-ақ CryptoCity жобасын әзірлеп жатыр. Бұл цифрлық активтермен операциялар жүргізуге арналған арнайы аймақ болмақ. Алғашқы кезеңде онда заманауи төлем құралдары енгізіледі. Криптокарталар, сондай-ақ Binance Pay пен Bybit Pay жүйелерін банк инфрақұрымына біріктіру көзделген. Бұдан бөлек, азаматтар криптовалюта арқылы қызмет ақысын төлей алуы үшін Yandex Qazaqstan платформасымен біріктіру мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Ерекше назар қауіпсіздік пен ашықтыққа аударылған. Барлық қатысушылар міндетті идентификация және верификациядан (KYC/AML) өтеді. Әзірлеушілердің айтуынша, бұл көлеңкелі айналым тәуекелін азайтып, “сұр” сектордағы инвесторларды заңды алаңдарға тартуға мүмкіндік береді.

Министрлікте атап өткендей, жобаның басты мақсаты – қауіпсіз әрі реттелетін экожүйе қалыптастыру. Онда криптовалюталар тауар мен қызмет ақысын төлеуден бастап, бизнес есеп айырысуларына дейін күнделікті операциялардың бір бөлігіне айналады.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow