«Келесі кезекте Нұрқанат» деген хабарлама келді»: Шерзаттың әпкесі отбасына түрлі қоқан-лоқы жасалғанын айтты

Перизат Нұрымова інісі Нұрқанат Ғайыпбаевтың өз-өзіне қол салғанына сенбейтінін жеткізді.

Желтоқсан 18, 2024 - 09:17
«Келесі кезекте Нұрқанат» деген хабарлама келді»: Шерзаттың әпкесі отбасына түрлі қоқан-лоқы жасалғанын айтты
фото: видеодан скриншот

9 желтоқсанда марқұм Шерзат Полаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың мәйіті Талғар қаласының шетінен табылды. Ал 10 желтоқсанда ашынған Қаржаубай Нұрымов қолына пышақ ұстап, журналистердің келуін талап етті. Ертесіне ол “Бұзақылық” бабы бойынша сотталып, 15 күнге қамауға алынды. Қаржаубай Нұрымовтың қарындасы отбасының қазіргі жағдайы мен інісінің қаза болған күні қандай күйде болғанын жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Qazaq AIRAN YouTube-арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Перизат Нұрымованың сөзінше, 10 желтоқсан күні ағасы Қаржаубай журналистер мен әкімнің келуін талап еткен.

“Халық жиналып митинг ұйымдастырсын, қантөгіс болсын, деп айтқан жоқпыз. Тек 1 сағат берсін, адамдар келіп үлгерсе екен деген ниет болды. Оқиға орнына бірінші қара киімді Арнайы жедел әрекет ету жасағы келді. Екінші полиция келіп машинаны қоршап тұрды. Үшінші әскери киіммен тағы адамдар келіп, Қаржаубай мен сіңлім Салтанатты түсіргісі келді. Сол сәтте жолдасым зияны тиіп кетпесін деп көлікке мініп, Салтанатты соққыдан қорғап тұрды. Сосын әскерилер оны да ұрып-соғып, көлікке салып алып кетті. Жай ғана басып алып кетпеді, көліктен сүйреп түсіріп, ұрып, есінен танып, қайта оянған соң, баскиімін бетіне дейін тартып, әрі қарай басынан төмпештеп ұра берген“, – дейді Нұрымова.

Сондай-ақ Перизат Нұрымова інісі Нұрқанат Ғайыпбаевтың өз-өзіне қол салғанына сенбейтінін жеткізді.

“Нұрқанаттың жұбайы бар. Үйленгеніне бір жыл болды. Екеуі балалы болу үшін ем қабылдап жүрген еді. Балам болсын деп жүрген адам өз-өзіне қол салуы мүмкін емес. Сол күні Нұрқанатты ұзақ іздедік. Түнгі 23:30-дан бастап жолдасым екеуіміз Шерзаттың бейітіне 4-5 рет бардық. Алайда ол жерден көлігін көрмедік. Бір уақытта үйді күзетіп тұратын Дастан есімді жігіт жүгіріп келіп, Қаржаубайдың құлағына бірдеңе айтты. Сосын ағам бірден көлігіне отырып, бейіт жаққа қарай барды. Бейітке 50-60 метрдей қалған жерде Қаржаубай айтқан ақ KIA көлігі тура көз алдымызда өтті. Сосын Дастаннан бұл кім, деп сұраған едік, “өзіміздің Ішкі істер департаментінің адамдары ғой” деп жауап берді. Біз жоғарыға көтеріліп жатқанда ақ KIA көлігі төменге қарай түсті. Олар қалай Нұрқанатты таппады. Неге кетіп қалмай, бізге қосылып іздемеді, деген сұрақтар туындайды”, – дейді Нұрымова.

Перизат Нұрымова қайғылы оқиға болған күні бауыры Нұрқанатты қандай күйде тауып алғанын айтты.

“Екі күн бойы сөйлемей жүрдім. Сөйлейтін шамам болмады. Себебі шаршадым. Ертең не болады, келесі кім, деген сұрақтар мазалады. Бауырымның денесін бір сағат құшақтап отырдым. Жедел жәрдем келген жоқ. Полиция қызметкерлері де бір сағаттың арасында келді. Нұрқанатты асып кеткен кейіпте ғана тауып алдық. Ол асылып тұрған жоқ. Адам тіке асылып тұрса бір сәрі, ол тізерлеп, аяқтары бүгіліп тұрды. Адам бұлай асылып қалмайды. Асылса мойнында шеңбер сияқты із қалуы керек. Оның бір жағында ғана із бар. Оның жанында жара бар. Арқасында ісінген, көгерген жерлері бар”, – дейді Нұрымова.

Перизат Нұрымова інісі Шерзаттың қазасынан соң түрлі қоқан-лоқы мен қорқытуға тап болғандарын айтты.

“Шерзат қаза болған соң жетісінде үйді өртеп кетті. Үйді өздерің өртедіңдер деді. Қазір бәріміздің басымыз қосылып Нұрқанатқа құран бағыштауға мүмкіндік бермей жатыр. Шерзат қайтқан соң көптеген қоқан-лоқы болды. Бақытқа “Нұрқанатты өлтіріп кетеміз. Келесі кезекте Нұрқанат тұр” деген қорқыту болды. Нақты кім жазғанын білмейміз. Бастапқыда адвокат жалдауға ақша жинау үшін TikTok желісіне Бақыттың нөмірін шығарған едік. Содан кейін оның Whats’App-ына қорқытатын хабарлама қалдырған. Ол хабарламаның скриншотын жасап, қорғаушыларымызға жібердік. Сол кезде есімде қалғаны “Келесі кезекте Нұрқанат” деген хабарлама”, – дейді Нұрымова.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow