Қызылордалық мұғалім әйелінің қолын балталап тастаған

Қызылорда облысының Шиелі ауданына қарасты ауылдардың бірінде 42 жастағы әйел ауыр жарақат алды – күйеуі оның қолына балта шапқан. Қазіргі уақытта жәбірленуші аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде ауыр хәлде жатыр, деп жазады Sadaq.kz.
Жарақат алған әйелге шұғыл медициналық көмек көрсету үшін облыс орталығынан санитарлық авиация арқылы дәрігерлер келген. Мамандардың айтуынша, келіншектің денесінде бірнеше жара бар, сондай-ақ басынан да ауыр соққы алған. Сол себепті оның жағдайына қатысты нақты болжам айту әзірге мүмкін емес.
Ал күдікті — аудан мектептерінің бірінде биология пәнінен сабақ беретін, 20 жылдан астам еңбек өтілі бар мұғалім.
«Адам өлтіруге оқталу бабы бойынша полиция күдіктіні бірден ұстады. Қазіргі таңда ол уақытша ұстау изоляторында қамауда. Тергеу шаралары жалғасып жатыр. Басқа мәліметтер тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды», — деді Қызылорда облыстық полиция департаменті өкілдері.
Сонымен қатар, бұл істің департамент басшылығының тікелей бақылауында екені айтылды.
Сіздің реакцияңыз қандай?






