Қосшыда терезеден құлап кеткен 7 жастағы қыз көз жұмды

Шілде 9, 2025 - 17:44
Қосшыда терезеден құлап кеткен 7 жастағы қыз көз жұмды
Фото: T.me/Jagdai

Қосшы қаласында 8 шілде күні қайғылы оқиға болды. 2017 жылы туған қыз бала көпқабатты тұрғын үйдің 4-қабатындағы пәтер терезесінен құлап, оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды sadaq.kz сайты Azattyq Rýhy порталына сілтеп.

Дәрігерлер келгенше бала жан тапсырған, жедел жәрдем шақырылғанымен, оны аман алып қалу мүмкін болған жоқ.

Ақмола облысы бойынша биылдың өзінде балалардың терезеден құлап кетуінің 10 фактісі тіркелген. Оның ішінде 2 жағдайда бала қаза тапқан.

Полиция департаментінің мәліметінше, мұндай оқиғалар көбіне күндізгі уақытта болады. Ересектер үйде болса да, назардан тысқалған бір сәтте қайғылы жағдай болуы мүмкін.

Жаз мезгілінде балалардың көпқабатты үйлердің терезесінен құлау фактілері күрт артады. Бұл жағдай тек кішкентай сәбилерге емес, мектеп жасындағы балаларға да қатысты. Олар:

  • Терезеден сыртқа қарағысы келеді;
  • Масаларға қарсы торға сүйеніп қалады;
  • Ойыншыққа ұмтылады;
  • Немесе жай ғана терезе алдына шығып ойнайды.

Ашық тұрған терезе мен жақын маңда тұрған жиһаз – бұл жағдайда өлімге апаратын факторлар болуы мүмкін.

Ата-аналар жиі қателікке бой алдырады: масаларға арналған тор баланы қорғайды деп ойлайды. Алайда:

  • Тор баланың салмағын көтере алмайды
  • Ол тек жәндіктерден қорғауға арналған
  • Бала оған сүйенген сәтте-ақ құлап кетуі мүмкін

Баланың терезеден құлауын болдырмау үшін:

  • Терезеге бекіткіштер орнатыңыз;
  • Терезе маңынан жиһазды алыстатыңыз;
  • Балаларға терезеге жақындауға болмайтынын үнемі түсіндіріп отырыңыз;
  • Терезені ашқанда, тек жоғары жағынан немесе арнайы режимде ашуға тырысыңыз.

Бір сәттік бейқамдық – орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін. Терезеден құлау – алдын алуға болатын қайғылы жағдай. Сондықтан бала қауіпсіздігі – әр ата-ананың басты міндеті.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow