Қостанайдағы оқу орындарына шабуыл жасалатыны туралы хабарламаларды полиция тексеріп жатыр

Қазан 5, 2026 - 17:49
chat_bubble  0 visibility  1
Қостанайдағы оқу орындарына шабуыл жасалатыны туралы хабарламаларды полиция тексеріп жатыр
Фото: polisia.kz

Қостанай облысының полициясы қаладағы білім беру ұйымдарына қауіп төндіретін хабарламалардың Telegram-да таралуына байланысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

4 қазан күні кешке Қостанай қаласының тұрғыны полицияға жүгінді. Оның жергілікті жоғары оқу орындарының бірінде оқитын қызы әлеуметтік желіден белгісіз автордың жазбасын көрген.

Үрей тудырған хабарламада оқу орындарына шабуыл жасалатыны айтылып, бұл әрекеттің 7 қазанда болуы мүмкін екені көрсетілген. Жазбаларда қару-жарақтың суреттері де жарияланып, хабарламаларды әрі қарай таратуға шақырған үндеу болған.

Полиция аталған ақпаратты жедел тексеріп шықты. Қостанай облысының Полиция департаменті хабарлағандай, қызметкерлер жазбаларда аталған барлық ғимаратты қарап шыққан. Тексеру барысында жарылғыш заттар мен құрылғылар, сондай-ақ күдік тудыратын өзге де бұйымдар табылған жоқ. 

— Түскен мәлімет дереу тексеріліп, жазбада аталған барлық ғимарат қаралды. Жарылғыш заттар мен құрылғылар, сондай-ақ басқа да күдікті бұйымдар табылған жоқ. Қазір жарияланым авторы мен оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр, — деп хабарлады Қостанай облысының Полиция департаменті.

Хабарламалардың таралуына байланысты полиция сотқа дейінгі тергеуді бастады. Қазір құқық қорғау органдары жазбалардың авторын анықтап, оқиғаның мән-жайын зерделеп жатыр. Қостанай облысының Білім басқармасы қаладағы мектептер мен колледждерде оқу процесі қалыпты жағдайда жалғасып жатқанын хабарлады.

— Полиция департаменті тұрғындарды сабыр сақтап, дүрбелеңге жол бермеуге және жалған ақпарат таратпауға шақырады. Көрінеу жалған мәлімет таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Тек ресми ақпаратқа сенуді сұраймыз, — деп хабарлады ведомство.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0