ЛГБТ-ны насихаттағандарға қандай жаза қолданылады – депутат жауабы
ЛГБТ-ны насихаттағандарға әкімшілік жаза қолданылады. Бұл туралы әлеуметтік желідегі тікелей эфирде Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин мәлім етті.
- Біріншіден, ЛГБТ өкілдеріне, олардың осы қоғамда өмір сүруіне Қазақстан заңы тыйым салмайды. Ешкімді түрмеге жаппайды, айыппұл салмайды, яғни ол - әркімнің жеке таңдауы. Бірақ, соның өкілі ретінде қоғамда насихат жүргізіп, әртүрлі семинар мен курстар, акциялар, митингілер өткізіп, әлеуметтік желі мен БАҚ-та соның символикалары және ЛГБТ насихатталса, бұған заңмен тыйым салынады. Тағы бір мәселе – жанама жарнамалар бар. Арнайы ойыншықтарды дайындайтын, кинолар мен мультфильмдерді, деректі фильмдерді түсіретін, сондай-ақ символдарды пайдалану секілді өздерінің іс-әрекеттерін жарнамалайтын топтар бар. Енді, бұған тыйым салынды. Қайталап айтамын, ЛГБТ-ның жеке өкілінің қара басына қатысты бізде заңмен тыйым жоқ. Бірақ, өзінің іс-әрекетін жарнамаласа, бұған тыйым бар, - деді Е. Жаңбыршин.
Оның пайымынша, бұл насихаттардың барлығы жастарға, балаларға бағытталған.
- Сонымен қатар, осы ретте демографиялық проблема болуы мүмкін. Бұл жағдай рухани, демографиялық және экономикалық іргетасымызға қағылып жатқан сына. Сондықтан елімізді осыдан қорғауымыз керек... Осы талаптарды елемегендер болса, әкімшілік жаза қарастырылған, яғни айыппұл салынады. Егер, осы жағдай қайталанса, 10 күнге дейін қамауға алынады, - деді депутат.
Сіздің реакцияңыз қандай?